Бұл туралы танымал бизнесмен Тұрсын Алагөзөв YouTube платформасындағы бір сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұны жүрегім қалап жасадым. Бұл идея былтыр қарашада келген. Оның алдында жазда Нұрлан Смағұловтың Оралда 280 үй салып, оны су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға бергенін оқыдым. Мен бизнесменмін ғой. Бірден Оралда үй қанша тұрады, инфрақұрылым қанша болады деп есептей бастадым. Сол кезде "Бәрекелді, Нұрлан" дедім. Оған не түрткі болғанын білмеймін, бірақ ол менің осылай жасауыма (100 пәтер сыйлауыма – ред.) себепкер болды, – деді ол.
Тұрсын Алагөзов сұхбатта үй алуға мүмкіндігі жетпейтін әріптестерді ойлау керегін айтты.
Бизнесте үнемі ақша жетпейді. Ананы алу керек, мынаны алу керек, бітпейтін тіршілік. Бірақ кейде тоқтап, жан-жағыңа қарау керек. Мұны не үшін істеп жатырмын, кім үшін істеп жатырмын?! Ғимарат, зауыт салып жатырмыз. Бірақ сол кезде үй алуға мүмкіндігі жетпейтін әріптестеріміз туралы да ойлауымыз керек, – деп түсіндірді бизнесмен.
Еске салайық, 26 мамырда GALANZ bottlers компаниясының негізін қалаушы Тұрсынғали Алагөзов 15 жылдан көп жұмыс істеген 100 қызметкеріне пәтер сыйлады. Оның бұл әрекетін халық ерекше бағалап, желіде жарыса жазды.