Атырауда екі жыл бұрын қолға алынған «100 аула» жобасынан 800 млн теңгенің бұзушылығы анықталды. Тұрғын-үй аулаларында құжат жүзінде бар деп көрсетілген құрылғылар жоқ болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Баспаналардың алдын абаттандырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жоба 2 жыл бұрын қолға алынған еді. Оның жалпы құны 7,3 млрд теңге. Жұмысты бір жергілікті және қос алматылық компания жүргізіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің еріктілері мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері былтыр күзде жобаның жүру барысын бақылауға алған. Осылайша 9 аула бойынша 800 млн теңгенің кемшілігін анықтады.
Атап айтқанда, Алмагүл 27-33 үйлері бойынша тамыз айында жол жиегін, төсеніштерді, футбол алаңын орнатқаны, аула аумақтарының, тротуарлар мен алаңдардың асфальтбетон жабындары, балалар және спорт алаңдары, осы алаңдардың орамды жабыны және футбол алаңының жасанды жабыны үшін ақы төленді. Алайда, сіз көріп отырғаныңыздай, жұмыс мүлдем жасалмады бірақ төлем жасалды. Алмагүл бойынша 1,3-өткен жылдың шілдесінде төсеніш төсеу үшін, тамыз айында аула аумақтарының, тротуарлар мен алаңдардың асфальтбетон жабындары үшін, қараша айында балалар мен спорт алаңдарын орнату, роликті төсеу, белгілер мен белгілер үшін ақы төленді. Мониторинг нәтижелері бойынша тек осы аулада 60 миллион теңге сомасына орындалмаған міндеттемелері үшін орындалған жұмыстар актілеріне заңсыз қол қойылғаны анықталды. Мердігер ойын алаңын, спорт аймағын орнатып, асфальтты ауыстырып, Алмагүл шағынауданындағы 1 және 3 үйлерге бордюр қоюы керек еді, бірақ олардың ешқайсысы орындалмады. Алмагүлде 7,8,9, 14,15,16 жағдай ұқсас, - деді «Әділдік жолы» РҚБ Атырау облысындағы басшысы Дариға Ахметова.
Бұдан өзге, тапсырыс беруші жобалық сметалық құжатты әзірлеу кезінде белгісіз себептермен мәрмәрдан жасалған орындықтар, урналар мен жиектерге тым көп баға белгілеген. Алайда, прокуратура бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында осы урналар мен орындықтарды өңделген ағаштан жасалған суға төзімді бетке ауыстыру (бағасы шамамен 40-50 мың теңге, яғни ЖСҚ-да көрсетілгеннен 10 есе арзан) туралы ұсыныс жіберді.
Қаражат үнемделгенде Атырау қаласында 20 457 тұрғын үй кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, үш ауысымды мектептер санын көбейтуге (10), аз қамтылған тұрғындарды азайтуға немесе оларға көмек көрсетуге (4 500-ге жуық) мүмкіндік беретін еді.
Алайда әкімдік аталған қаражатты үнемдеудің орнына темірден 107 орындық сатып алып, Аманшинге 72,74 алаңына орнатты. Осы мекен-жайдағы аулада басқа да кемшіліктер анықталды. Ойын алаңында орындықсыз карусельдер, әткеншексіз әткеншектер, құмсыз құмсалғыш және саңырауқұлақ түріндегі қолшатыр жоқ, шаңғы тренажер жоқ, қоқыс жәшіктері жоқ. Бұзушылықтарға, соның ішінде абаттандыру бойынша орындалмаған жұмыстар үшін негізсіз ақы төлеуге ТжКБ басшысының заңды білмеуі және функционалдық міндеттеріне жосықсыз қарау ықпал етті.Егер Тапсырыс беруші осы атқарылған жұмыстарды қабылдап, ағымдағы бұзушылықтармен пайдалануға берсе, онда қылмыстық жауаптылық болады, ал егер мердігер ұйым тапсырыс берушілер алдындағы өз міндеттемелерін орындамаса, ол мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы болып танылады. Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындамағаны үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензиясынан айыра отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді Дариға Ахметова.
Тапсырыс беруші мекеменің өкілі Эдуард Оспанов, бұзушылық бар дегенге келіспейді. Бірақ іс-жүзінде жоқ жұмысқа әкімдіктің не себепті қаржы аударғанын түсіндіре алмады.
Объектіні қабылдап алған кезде бірінші авторлық қадағалаушы, содан кейін техникалық қадағалаушылар, одан өзге біздің бекітілген мамандар тексереді. Қазіргі уақытта антикор өкілдерінің тексерісі бойынша қорытынды құжатты сұратып қойдық. Ол 800 млн теңге ма, аз ба одан көп пе анықтайтын боламыз. Көзімізді жеткізуіміз керек. Ал аулалар бойынша айтатын болсам, қазір өзгерістер енгізіліп жатқан жобалар бар, - дейді Қалалық ТҮКШ және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Оспанов.
Антикор еріктілері дәл осы жобадан бұған дейін де кемшілік тапқан. Былтыр қазанда 2 аула бойынша 14 млн теңгенің бұзушылығы анықталған еді. Бұл жергілікті халықты да әбден шаршатты. Олар құрылыстың белгіленген уақытта аяқталғанын қалайды.
Мына жерде дұрыс жұмыс жүріп жатқанын көріп тұрған жоқпын. Таңғы 9 дан бастап кешкі 18:00-дейін біраз адам жүреді. Айнала шаң. Жүру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін суды сылтауратқан шығар енді. Қазір не бітіріп жатыр? Жергілікті билік қайда? Әкім қайда қарап отыр? Не өзіміз шыға алмаймыз, немерелерімізге ойнайтын жер де жоқ. Құжат жүзінде бәрі жасалған дейді. Ештеңе жоқ бұл жерде. Осы үй тұрғындарының атынан сұраймын, тез арада аяқтап берсін жұмысты, - дейді қала тұрғыны Жұмабике Мұқашева.
«100 аула» жобасы осы жылдың соңына дейін тапсырылуы керек. Қазірдің өзінде қаралған қаржының 3 млрд теңгесі игерілген. Құрылыстың жүру барысын құзырлы органдар бақылауда ұстайды. Ал актіге қол қойып, қазынаның миллиардтарын жоқ жұмысқа аударып жібергендер жауапқа тартылмайды. Ұсыныспен құтылады.