10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

19 Қазан 2023, 10:18
1642
Бөлісу:
10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу
PHOTO
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен келіп, Бейжіңде өткен жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының III форумына қатысты. Мемлекет басшысы іссапары аясында қандай келіссөздер жүргізіп, қандай құжаттарға қол қойды? Baq.kz шолуынан оқи аласыздар.

Мемлекет басшысын Құрмет қарауылы сап түзеген Бейжің әуежайында ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрі Цзинь Чжуанлун және басқа да лауазымды тұлғалар салтанатпен қарсы алғанын еске сала кетейік.

Екі күндік ресми сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының III форумына қатысты.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Тоқаев пен Си келіссөз жүргізді

17 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Қытай елінің басшысы Қазақстан Президентін Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде қарсы алды. Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Содан кейін мемлекеттер басшылары өз делегацияларымен бірге Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сізді келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚХР төрағасы шақыруын қабыл алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті.

ҚХР Төрағасының айтуынша, Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайды.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады. Мемлекеттер басшылары бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ мәдениетаралық байланыстарға жағдай жасау маңызды екеніне назар аударды.

Қазақстан-Қытай: Қандай құжаттарға қол қойылды?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

1. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы экономикалық даму саласындағы алмасу және ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім;

3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы «Тачэн – Аягөз» теміржолын салу жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім;

5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына рапсты экспорттау кезіндегі фитосанитариялық талаптар туралы хаттама.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапарының аясында жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа, соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды.

Қол қойылған құжаттар тізімі:

1. Терефтал қышқылын/полиэтилентерефталат өндіру жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен SINOPEC арасындағы келісім;

2. «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобасын ілгерілету жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Group арасындағы өзара түсіністік туралы келісім;

3. «Қазпошта» АҚ мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

4. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен CRRC Corporation Limited арасындағы ынтымақтастық және CRRC Corporation Limited өнімдерін сатып алу туралы негіздемелік келісім (сауда келісімі);

5. Жер қойнауын пайдалану келісімшартының жарамдылық мерзімін ұзарту жөнінде ҚР Энергетика министрлігі мен China National Petroleum Corporation компаниясының екіжақты мәлімдемесі;

6. «Силлено» ЖШС-нің жарғылық капиталына қатысу үлесін сатып алу-сату туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, SINOPEC және «СИБУР» ЖШҚ арасындағы шарт.

7. «Самұрық-Қазына» АҚ, Сhina Power International Holding мен SANY Renewable Energy Co. Ltd арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

8. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Бейжің мұнай университеті арасындағы энергетика секторында индустрияны бірлесіп дамыту, ғылыми кадрларды даярлау және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу үшін «Бір белдеу, бір жол» қауымдастығын құру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

9. «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Shenzhen Enterprise Confederation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

10. «Самұрық-Энерго» АҚ мен Power China Resources Ltd. арасындағы жобаны бірлесіп әзірлеу жөніндегі келісім;

11. «Самұрық-Қазына» АҚ мен China Power International Holding арасындағы бірлескен әзірлеме туралы келісім;

12. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен China National Offshore Oil Corporation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

13. «QazaqGaz»ҰК» АҚ мен Geo-Jade Petroleum Corporation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

14. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен Liangjiang Precision Control Electronic Technology (Chongqing) Co. Ltd арасындағы «Азаматтық мақсатта қолданылатын жарылғыш заттардың индустриялық паркі» жобасын іске асыруға ниет білдіру туралы келісім;

15. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ мен China Huadian Overseas Investment арасындағы инвестициялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;

16. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ляньюньган порты» компаниялар тобы» ЖШҚ арасындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;

17. Astana Motors пен BYD Auto Industry Co Ltd. арасындағы энергияның жаңа көздерін пайдаланатын автомобильдерді тасымалдау туралы дистрибьюторлық келісім;

18. Astana Motors пен TELD New Energy Co Ltd. арасындағы дистрибьюторлық келісім;

19. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Бейжің шет тілдері университеті арасындағы академиялық алмасу жөнінде қосымша келісім;

20. «Самұрық-Қазына» АҚ мен GPC Investment LLP, Bank of China Limited (Tokyo Branch), JSC AB «Bank of China Kazakhstan», China Construction Bank (Asia) Corporation Limited арасындағы GPC Investment үшін кредит желісін ашу туралы кредиттік келісім;

21. «Самұрық-Қазына» АҚ мен SANY Renewable Energy Co. Ltd. арасындағы инвестиция жөніндегі алдын ала келісім;

22. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ мен China National Petroleum Corporation арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

23. «Қазақстан Республикасы Президентінiң Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК ШЖҚ, «Астана медицина университеті» КеАҚ мен BGI Group арасындағы ынтымақтастық және серіктестік туралы меморандум;

24. «Қазпошта» АҚ мен Sai Cheng International Logistics Co., Ltd. арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

25. «Primus Capital» ЖШС мен Sinoma Cement Co.Ltd арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

26. «Астана медицина университеті» КеАҚ мен Shanghai United Imaging Healthcare Co.Ltd арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

27. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Бейжің Тіл және мәдениет университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

28. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартқа №7 қосымша;

29. «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ мен BGI Group арасындағы Qazaqstan Investment Corporation компаниясының Forebright Life Science Technology Fund қорына қатысуына байланысты негізгі шарттар;

30. «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен Petrochina International Co.Ltd. арасындағы табиғи газды сатып алу-сату шарты.

Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюст ашылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.

Сонымен қатар Президент Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Шициньге алғыс айтып, оған зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Мұнан соң Мемлекет басшысына университетте оқыған кезіндегі өзінің архив құжаттарын көрсетті.

Іс-шара соңында Президент Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.

Тоқаев Бейжіңде кіммен кездесті?

Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді қабылдады.

Әңгімелесу барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Өз кезегінде Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыру – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салу жоспарын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабылдады.

Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Alibaba, Wildberries, OZON және JDcom секілді ірі маркетплейстер жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қазақстан 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Әңгімелесу барысында Президентке Қытайдың тез жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірі біздің нарыққа келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды көздеп отырғаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл уағдаластық «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою аясында бекітіледі.

Юй Хуэйцзяо Мемлекет басшысына компанияның Қазақстандағы негізгі жобасы туралы баяндады. Атап айтқанда, кәсіпорын еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатына жататын жоғарытехнологиялық мультимодальды орталықтар салуды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады.

Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Президентке CITIC Group компаниясы мен Қазақстанның бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.

Біздің тұрақты кездесулеріміз арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіреді. Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақстандық серіктестерімен жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцайды қабылдады.

CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен кездесу барысында машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бір белдеу, бір жол» форумы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен СRRC арасында құны 1,3 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылатыны жайында баяндалды. Аталған құжат бойынша 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу, сондай-ақ Қазақстанда инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу қарастырылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жай-күйі және оны дамыту перспективасы талқыланды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің бұған дейінгі кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса назар аударылды.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Қазақстан Президенті Қытайдың қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын атап өтті.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автокөлік құрастыру, жоғары технология, цифрландыру салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» форумының аясында бейресми жағдайда Индонезия Президенті Джоко Видодомен, Пәкістан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Анвар-ул-Хак Какармен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен, Сербия Президенті Александр Вучичпен, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесті.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қытай қатынастары мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұл ретте ел басшыларының тұрақты кездесулері елеулі рөл атқарды. Өйткені келіссөздер барысында тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз қаланады.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының әлеуметтік-экономикалық прогресіне және Қытай басшысы жүргізіп отырған тиімді саясаттың нәтижелеріне жоғары баға берді.

Ван Хунин де қазақ-қытай қатынастарына жоғары баға берді.

Сондай-ақ әңгімелесу барысында екі елде жүргізіліп жатқан жан-жақты реформалар жөнінде айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ван Хунин барлық деңгейдегі белсенді саяси диалогты жалғастыру маңызды екенін атап өтіп, екіжақты қарым-қатынастың бүкіл бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

«Бір белдеу, бір жол» ІІІ форумы

18 қазанда Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты.

Тоқаев форумның ашылуында сөз сөйлеп, дәстүрлі қонақжайлығы мен форумды мінсіз ұйымдастырғаны үшін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасының теңдессіз әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанына тоқталды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды.

Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.

Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласына барды.

10 жылдағы жетістік, Қазақстанның рөлі. Тоқаевтың Қытайға сапарына шолу

Қазақстан Президенті Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП хатшысы Ма Синжуймен кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр. Кездесу барысында аймақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады.

Өзгелердің жаңалығы