10 жылдағы ең жоғары баға: Қазақстанның «BBB» рейтингі нені өзгертеді

Сарапшылар рейтингтің өсуін реформалар нәтижесі және инвесторлар сенімінің артуымен байланыстырады.

 ©BAQ.KZ коллаж 22 Тамыз 2026, 13:07
22 Тамыз 2026, 13:07
206
Фото: ©BAQ.KZ коллаж

S&P Global Ratings халықаралық агенттігі 2016 жылдан бері алғаш рет Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «Тұрақты» болжамымен «BBB» деңгейіне көтерді. Бұл баға ел экономикасының сыртқы сын-қатерлерге төзімділігі мен инвесторлар алдындағы сеніміне қалай әсер етеді? Саясаттанушылар Ғазиз Әбішев пен Борис Поломарчук рейтингтің көтерілуіне ықпал еткен факторларға талдау жасады. 

Қазақстанға берілген рейтинг Еуразия кеңістігі мен ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Ол шамамен Үндістан мен Индонезия деңгейінде, Венгрия, Румыния және Сербиядан жоғары.

Бұл – қазіргі Үкімет тұсында Қазақстанның халықаралық рейтингінің екінші рет көтерілуі. Бұған дейін Moody's агенттігі 2024 жылы Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейіне көтеріп, 2025 жылы осы көрсеткішті растаған.

Ғазиз Әбішев: Үкімет күрделі шешімдер үшін жауапкершілікті өз мойнына алды

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев рейтингтің жоғарылауына бірнеше фактор әсер еткеніне назар аударады. Соның бірі – Олжас Бектенов басқаратын Үкімет қабылдаған экономикалық шешімдер.

Оның айтуынша, қазіргі Үкімет салық реформасы, шығындарды қысқарту және өңдеу салаларын дамытуға басымдық беру секілді бірқатар күрделі шешім үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.

Қаржылық тәртіп халықаралық сарапшылар назар аударатын маңызды көрсеткіштердің бірі. Қазақстан шығындарды оңтайландырып, жинақ көлемін арттыруға мән беріп, Ұлттық қор қаражатының шамадан тыс жұмсалуына жол бермеуге күш салып келеді.

Сонымен бірге Үкімет нақты жобаларға қаржы салуға дайын шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізіп отыр. Ғазиз Әбішевтің пікірінше, олардың бағасы да белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін.

Сарапшылар Қазақстанның қаржы ағындарын бақылауға алып, капиталдың шамадан тыс сыртқа шығарылуына тосқауыл қою бағытындағы қадамдарын да бағалаған болуы ықтимал.

Ғазиз Әбішев тағы бір фактор ретінде Қазақстанның халықаралық ұстанымына назар аударады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған экономикалық прагматизм геосаяси тәуекелдерді барынша азайта отырып, барлық маңызды серіктеспен ынтымақтастықтан ел үшін барынша тиімді нәтиже алуға бағытталған.

Саясаттанушының пікірінше, басқа халықаралық агенттіктердің тұрақты бағасы сақталған жағдайда жаңа рейтингтер Қазақстанға әлемдік экономикадағы құбылмалылыққа төтеп беруді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Борис Поломарчук: Инвестор үшін елге деген сенім алдын ала қалыптасады

Саясаттанушы Борис Поломарчук халықаралық инвесторлар үшін рейтингтің практикалық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, инвестор қандай да бір елге қаржы салмас бұрын инвестицияның қаншалықты қауіпсіз екенін және мемлекеттің болашағы қандай екенін бағалайды. Рейтингтер осы сұрақтарға жауап алуға көмектеседі.

Рейтингтің өзі капиталды автоматты түрде тарта алмайды. Бірақ ол инвесторлардың елге қатысты күмәнін айтарлықтай азайтады. Инвестор қандай да бір жобаны егжей-тегжейлі зерттеуге кіріспей тұрып-ақ Қазақстанға деген сенімі жоғары болады. Сондықтан бұл – экономикалық өсімнің табысты әрі тұрақты екенін, бюджет көрсеткіштерінің жақсарғанын, елеулі резервтердің барын және прагматикалық фискалдық саясат жүргізіліп жатқанын көрсеткен тәуелсіз әрі салмақты баға, – деді ол.

Поломарчук «Тұрақты» болжамының да халықаралық қауымдастық үшін маңызды белгі екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан әлемде табиғи ресурстары мол мемлекет ретінде ғана емес, экономикалық күйзелістерге төтеп беріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын, беріктік қоры жоғары ел ретінде де қабылданып келеді.

«Қазақстанға берілетін сыртқы баға жақсарып келеді»

Борис Поломарчук S&P бағасын Қазақстанның басқа халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерімен де байланыстырады.

S&P рейтингі мемлекетіміздің тұрақтылығы мен несие қабілетін тікелей көрсетеді. Бұған цифрлық сервистердің дамуын да қосуға болады. Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкімет рейтингінде 193 елдің арасында 24-орында және онлайн қызметтер индексі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Басқа рейтингтерде де еліміз айтарлықтай жоғары орындарға ие, – деді саясаттанушы.

Ол бұл индекстердің әдістемесі әртүрлі екенін ескертті. Соған қарамастан, жалпы көріністе Қазақстанға берілетін сыртқы баға қаржылық тұрақтылық, цифрлық даму, қауіпсіздік және инвестициялық тартымдылық секілді бірнеше бағыт бойынша жақсарып келеді.

Сарапшының пікірінше, осының нәтижесінде Қазақстанның біртұтас бейнесі қалыптасып жатыр. Ел енді шикізат ресурстары немесе тиімді географиялық орналасуы арқылы ғана емес, технологияларды дамытып, қауіпсіздікті нығайтып және шетелдік инвестиция тартып отырған мемлекет ретінде де қабылданады.

Рейтингтің өсуі реформалармен байланысты

Борис Поломарчук S&P рейтингінің көтерілуін елде жүргізіліп жатқан реформалармен тікелей байланыстырады. Дегенмен ол жоғары бағаны реформалардың аяқталғанын білдіретін көрсеткіш ретінде қабылдамау керегін айтады.

Рейтингтің өзі реформалардың сәтті аяқталғанын растайтын сертификат емес. Оның көтерілуі – таңдалған бағыттың нәтиже беріп жатқанының мойындалуы. Рейтинг агенттіктері елдегі өзгерістерді және олардың экономиканың тұрақтылығына, сондай-ақ мемлекеттің ел ішіндегі және сыртқы тараптар алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетіне қалай әсер етіп жатқанын бағалайды, – деді ол.

Оның айтуынша, рейтингтің жоғарылауы Қазақстан экономикасы мен оны дамыту стратегиясының бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда сенімдірек қабылданып отырғанын көрсетеді.

Экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар, бюджет тұрақтылығын нығайту шаралары енді Үкімет есептерінде ғана емес, сыртқы бағалауларда да көрініс таба бастаған. Поломарчук мұны объективті сыртқы көрсеткіш деп бағалайды.

«Бұл – сенім авансы»

Саясаттанушы рейтингтің жоғарылауын Қазақстанға берілген «сенім авансы» деп сипаттады. Оның пікірінше, ендігі міндет – осы көрсеткішті сақтап қана қоймай, экономиканы әртараптандыруды жалғастыру.

Біз бұл жолдың басында ғана тұрмыз. Таңдаған бағытымызға жоғары баға берілді, енді экономикалық және саяси өзгерістерді жалғастыру маңызды. Сонда көрсеткіштер де әрі қарай өсе береді, – деді Борис Поломарчук.

Арман Қасенов: Енді отандық компаниялар мен банктердің де рейтингі өсуі мүмкін

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов S&P шешімінің артында соңғы бір жылда жүргізілген жүйелі жұмыс тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы кезеңде рейтинг агенттігінің кәсіби командасымен АҚШ-та да, Қазақстанда да бірнеше раунд кездесу өткен.

S&P Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Қазір бұл – ТМД өңіріндегі ең жоғары рейтинг. Мұндай шешім соңғы 10 жылда алғаш рет қабылданып отыр, – деді Арман Қасенов.

Вице-министр енді рейтингтің көтерілуі отандық қаржы нарығына да әсер етуі мүмкін екенін айтады. Алдағы апталар мен айларда ондаған қазақстандық компаниялар мен банктердің, сондай-ақ олардың облигациялық шығарылымдарының кредиттік рейтингтері жоғарылауы ықтимал.

Ел үшін бұл – инвесторларға берілген тағы бір маңызды белгі. Бағалы қағаздарға, компаниялар мен жобаларға инвестиция салудың тартымдылығы артып, алдағы уақытта қаржыландыру құны төмендеуі ықтимал. Оның көлемі жылына ондаған, тіпті жүздеген миллион долларға жетуі мүмкін. Бұл – Қазақстан экономикасы үшін жақсы жаңалық, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Үш сарапшының пікірін түйіндесек, S&P рейтингінің «BBB» деңгейіне көтерілуі Қазақстан экономикасына деген сенімнің артқанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы нәтижені сақтап, реформаларды жалғастыру, экономиканы әртараптандыру және инвестициялық тартымдылықты одан әрі күшейту.

Наверх