Қазақстанның соңғы жаңалықтары

1 жылда әлеуметтік желілерде ЛГБТ жайлы 1559 жарияланым тіркелген

Жансая ҚАМБАР
30 Шілде 2025, 12:42
651
Бөлісу:
 Sergei Ilnitsky/dpa/picture alliance
Фото: Sergei Ilnitsky/dpa/picture alliance

Респонденттердің 63,7%-ы ЛГБТ туралы ақпаратты ең алдымен әлеуметтік желілерден алады. Бұл туралы Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының жетекшісі Үсен Сүлеймен мәлімдеді. Ол бұл деректерді цифрлық ортаның кәмелетке толмағандарға дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттау тұрғысынан әсерін зерттеу аясында жүргізілген ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижелері ретінде ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сүлейменнің айтуынша, қор мамандары бір жыл ішінде әлеуметтік медиа кеңістігінде ЛГБТ тақырыбына қатысты 1559 жарияланымды тіркеген, сондай-ақ осы контентті белсенді түрде таратушы қолданушылардың жоғары белсенділігін байқаған.

Әлеуметтік медианың танымал алаңдарында айтарлықтай белсенділік байқалады. Пайдаланушылар дәстүрлі емес жыныстық бағдар тақырыбына қатысты материалдарды, ЛГБТ құндылықтарын насихаттайтын контенттерді жариялауда. Мен мұндай насихатқа қарсымын, – деді Үсен Сүлеймен.

Социологиялық сауалнама нәтижелері 63,7% респондент ЛГБТ туралы ақпаратты ең алдымен әлеуметтік желілерден алатынын, ал дәстүрлі ақпарат құралдары (газет, теледидар, радио) бар болғаны 42% аудиторияны қамтитынын көрсетті.

Осылайша, жастар үшін дәстүрлі емес жыныстық қатынастар туралы ақпараттың басты көзі әлеуметтік желілер болып отыр. Жасөспірімдерде цифрлық тәуелділік қалыптасып отырғанын, сондай-ақ олар идеологиялық бояуы бар немесе расталмаған ақпаратқа әлсіз қарсы тұратынын ескерсек, біз өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мен қалыптастыруда үлкен тәуекелдерге тап боламыз, – деді Үсен Сүлеймен.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада ЛГБТ-ның жасөспірімдерге әсері талқыланғаны туралы жаздық. Белгілі болғандай, ЛГБТ үгіт-насихаты балаларға теріс әсер ететіні дәлелденді.

Өзгелердің жаңалығы