1 желтоқсанға дейін шешім қабылданбаса, шағын бизнес салығы өсуі мүмкін – депутаттар дабыл қақты

25 Қараша 2026, 18:18
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 25 Қараша 2026, 18:18
25 Қараша 2026, 18:18
95
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Ақ жол» демократиялық партиясы 2027 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінің (АСР) мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетуді немесе қолданыстағы жеңілдіктерді сақтауды ұсынды. Партия өкілдері тиісті шешімдер 1 желтоқсанға дейін қабылданбаса, шағын бизнес үшін салық мөлшерлемесі автоматты түрде 4%-ға дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселені депутаттар Үкіметке және өңірлердің әкімдеріне жолдаған сауалында көтерді. Партияның мәлімдеуінше, 2027 жылға арналған төмендетілген мөлшерлемелерді сақтау мәселесі қазір күрделі жағдайда тұр.

1 желтоқсанға дейін шешім қабылдануы керек

Салық кодексінің 726-бабына сәйкес, арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін төмендету туралы шешім мәслихаттар тарапынан мөлшерлеме енгізілетін жылдан бұрынғы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануға тиіс.

Осыған байланысты 2027 жылы 4% орнына 2-3% мөлшерлемені қолдану үшін тиісті шешімдер 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін қабылдануы қажет.

Алайда партия бұл мерзімге үлгеру қиын екенін алға тартады. Себебі 2026 жылғы 12 қазанда бұрынғы мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, жаңа депутаттардың кезектен тыс сайлауы 29 қарашаға белгіленген.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 10-бабына сәйкес, жаңа мәслихаттың бірінші сессиясы депутаттар тіркелгеннен кейін 30 күнге дейінгі мерзімде шақырылуы мүмкін, - делінген депутаттар үндеуінде.

Партия өкілдерінің пікірінше, осы жағдайға байланысты жаңадан сайланған мәслихаттардың қажетті шешімдерді қабылдауына бір күннен аспайтын уақыт қалуы ықтимал.

Салық мөлшерлемесі 4%-ға дейін көтерілуі мүмкін

«Ақ жол» партиясы мәслихаттар 1 желтоқсанға дейін тиісті шешім қабылдамаса, АСР мөлшерлемесі бүкіл ел бойынша автоматты түрде 4%-ға дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертеді.

Бұл бұрын салық мөлшерлемесін төмендеткен және жеңілдікті келесі кезеңде де сақтауға дайын болған қалалар мен аудандарға да қатысты болуы мүмкін.

Партия мұндай жағдайда шағын кәсіпкерлер 2027 жылы төмендетілген салық мөлшерлемесін қолдану мүмкіндігінен айырылуы ықтимал деп санайды.

Еске салайық, 2026 жылғы 8 қазанда Құрылтайдағы «Ақ жол» фракциясы Үкіметке бүкіл ел аумағында АСР бойынша бірыңғай 2% мөлшерлеме енгізуді ұсынған депутаттық сауал жолдаған. Алайда Үкімет бұл бастаманы қолдамаған.

Депутаттар Үкіметке қандай ұсыныстар жасады?

Қалыптасқан жағдайға байланысты партия Үкіметтен бірнеше мәселені қарауды сұрады.

Атап айтқанда:

  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елдің бүкіл аумағында АСР бойынша бірыңғай 2% мөлшерлеме енгізу жөнінде Салық кодексіне өзгерістер енгізуге бастамашылық жасау;
  • 2025 жылы мәслихаттар қабылдаған төмендетілген мөлшерлемелердің қолданылуын 2027 жылға ұзарту;
  • жаңа құрамдағы мәслихаттарға 2027 жылға арналған салық мөлшерлемелерін төмендету туралы шешім қабылдау мерзімін ұзарту және қажет болған жағдайда бұл шешімдерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кері күшпен қолдану;
  • шағын және орта бизнеске түсетін салық жүктемесінің өсуіне жол бермей, қажетті шешімдердің барлығын 2026 жылдың соңына дейін қабылдау.

Сонымен қатар партия облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдеріне АСР мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетуге қажетті есептеулер мен шешім жобаларын жедел әзірлеуді ұсынды.

Наверх