1 қыркүйектен бастап Түркістан облысындағы оқушылардың 92%-ы қашықтан оқиды

12 Тамыз 2020, 18:38
1485
Бөлісу:
1 қыркүйектен бастап Түркістан облысындағы оқушылардың 92%-ы қашықтан оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы бойынша 2020-2021 жаңа оқу жылына білім беру мекемелерінің дайындығы жөнінде онлайн брифинг өткізді. Елімізде коронавирус инфекциясының кең таралуына байланысты мектеп оқушылары cәуір-мамыр айларында қашықтан оқыту форматына көшті. 

Облыста 910 мектеп бар. Бұл білім ошақтарында 500 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. 1 қыркүйектен бастап оқушылардың 92%-ы, яғни 457 157 оқушы қашықтан оқыту форматында білім алады деп жоспарланып отыр. Тағы да айта кетейін, қашықтан оқыту форматында. Онлайн оқыту форматында емес. Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылайтын департаменттің рұқсатымен 180 баладан аспайтын шалғайда орналасқан шағын, жинақы мектептерде дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріледі. Мұндай шағын мектептер саны 139 және ондағы оқушылар саны 12 мыңнан асады, - деді облыс әкімі. 

Өңірдегі санитарлық жағдай жақсарған жағдайда 15 баладан аспайтын кезекші сыныптар жұмысын бастайды.

Өңірдегі санитарлық жағдай жақсаратын болса, ата-аналардың өтініші негізінде кезекші сыныптар жұмыс істейді. Яғни санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, бала санын 15-тен асырмай, кезекші 1-сыныптардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Осы ретте жергілікті аудан және қала әкімдері білім басқармасымен бірлесе отырып, барлық тиісті шараларды қабылдауы керек, - деді Шөкеев брифинг барысында.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қашықтан оқыту жүйесі бірыңғай болуы үшін оқушылар мен мұғалімдер тиісті техникамен қамтамасыз етілуі қажет.

Түркістан облысындағы барлық мектеп қашықтан оқытуды бірыңғай электронды платформада жүргізуі үшін мұғалімдер мен оқушыларға үй жағдайында компьютерлік құрылғылар қолжетімді болуы керек. Енді біздің мақсатымыз - осы талаптарды ескеріп, тиісті жағдайларды жасау. Бүгінгі таңда аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 49 мыңнан астам балада компьютерлік техника жоқ. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен 3 мыңға жуық, ал республикалық бюджет есебінен 57 мыңнан астам компьютер сатып алу жұмысы жасалып жатыр. 

Жалпы саны 84 143 компьютерлік техника аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан балалар мен ұстаздарға қашықтан оқыту кезінде уақытша пайдалануға беріледі. Компьютермен қамтамасыз ету І тоқсанда жүзеге асырылады. Оның ішінде 57 190 техниканы үкімет резервінен аламыз. Оның ішінде 5952 компьютер, 43 527 ноутбук, 7711 планшет. 2336 компьютер аудан, қала есебінен сатып алынады. 24 317 компьютер мектептердегі қазіргі кездегі жарамды техникалар, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы