Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елорда мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, 1 сәуірден бастап жалпы білім беретін орта мектептерге 1-сыныпқа құжат қабылдау жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 1-сыныпқа 26 650 бала қабылданды.
1 қыркүйекте балалардың жалпы саны қала бойынша 255 мыңнан астам болады деп күтіліп отыр. Мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектепте 1-сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсету мақсатында 1-сыныпқа қабылдау бойынша қабылдау комиссиялары жұмысын жүргізіп отыр, - деп айтты Қасымхан Сенғазыев.
1 тамызда құжаттарды электронды үкімет, яғни egov веб-порталы арқылы қабылдау аяқталса да, қабылдау қағаз жүзінде жалғасып жатыр.
Сонымен қатар 10-сыныпқа қабылдау да жалғасып жатыр. Білім беру ұйымдарына 10-сыныптарға қызмет көрсету аумағында тұратын оқушыларды қабылдайды. Білім алушының жеке өтінішінің немесе олардың ата-аналарының не болмаса өзге де заңды өкілдерінің өтінішін және негізгі орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжатының негізінде жүзеге асырылады, - деді басқарма басшысы қаланың коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Бүгінгі күні мектептердің 10-сыныптарына 8 360-тан астам бала қабылданды.