Мемлекет басшысының вокзалдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасы кеңінен жүзеге асуда. Үкімет отырысында еліміздің барлық өңірлеріндегі реконструкция жұмыстарының барысы туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады.
Жүргізіліп жатқан барлық жұмыстарда басты мақсат – азаматтарды қауіпсіз және жайлы темір жол көлігімен қамтамасыз ету. Бүгінде елімізде тәуелсіздік жылдарында алғаш рет теміржол вокзалдарын ең бір кең ауқымды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл ірі жобаға Қазақстанның барлық өңірлерінде 124 вокзал енгізілген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар вокзал маңындағы алаңдарды абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы 30 вокзал биылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға беріледі, – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Бүгінгі таңда 36 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.
Одан бөлек, министрдің ақпаратынша, Қазақстанда соңғы жылдары 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылған. 2030 жылға қарай министрлік жолаушылар паркін жаңарту деңгейін 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.