Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгереді? BAQ.KZ тілшісінің шолуына назар аударайық.
1 сәуірде бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады
Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі Заңына сәйкес лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді. Барлық балалар, дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге ие болады. Бұл бастама тестілеу мен әңгімелесуге байланысты бірінші сынып оқушыларындағы психологиялық қысымды азайтуға бағытталған,- деп атап өтті Орта білім комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева.
Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап қабылданады.
Қандай құжаттар қажет:
- ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші;
- №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама;
- 026/у-3 баланың денсаулық паспорты;
- баланың екі дана 3х4 фотосуреті.
Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бала барады деп күтіліп отыр.
Қазақстандықтар Қазанға тікелей ұша алады
Ақтөбеден Қазанға әуеқатынасы жаңартылады. QAZAQ AIR әуекомпаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 сәуірден бастап «Ақтөбе-Қазан» бағытындағы рейс қайта жанданады.
Рейстер аптасына 2 рет дүйсенбі және жұма күндері келесі кесте бойынша орындалады (жергілікті уақыт көрсетілген):
IQ 507 Ақтөбе 17:00–Қазан 16:40
IQ 508 Қазан 17:40 – Ақтөбе 21:20
Сондай-ақ келесі қалалардан транзиттік маршруттар қарастырылған:
Астана -Ақтөбе — Қазан
Атырау – Ақтөбе — Қазан
Ақтөбеде 1 сәуірден бастап зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді
Ақтөбеде 1 сәуірден бастап зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Осы уақытқа дейін, мұндай жеңілдікті тек соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар және бірінші, екінші топтағы мүгедектер пайдаланып келді.
Ал зейнеткерлерге 2021 жылдың қыркүйегінен бастап, 50% жеңілдік қарастырылған еді. Қазір, облыс орталығында жолаушыларға бес тасымалдаушы мекеме, 320 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Жуырда жаңадан 30 автобус әкелінген. Жыл соңына дейін тағы елуі келуі тиіс.
Оқушыларға IV тоқсан басталады
Оқушылар көктемгі 11 күндік каникулдан кейін 1 сәуірде оқуға кіріседі.
Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ 25 мамырда қорытынды шығарылып, оқу жылы аяқталады.
Полиция аттестациядан өтеді
Аттестация 1 сәуірде басталады.
Бұл аттестаттаудың басты мақсаты – басшы лауазымдарды талантты және кәсіби білікті қызметкерлермен жасақтау үшін кадр резервін қалыптастыру.
Жалпы кезектен тыс аттестаттауға жататын лауазымдар тізбесі жеке құрамның 6%-ын құрайды. Аттестацияны өткізу үшін Ішкі істер министрі мен оның орынбасарларының төрағалығымен орталық және өңірлік аттестаттау комиссияларының құрамы бекітілді. Орталық комиссияның құрамына Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кірді.
Аттестаттау ретімен жүргізіледі.
Мынадай кезеңдерден тұрады:
- физикалық және атыс даярлығы;
- Қазақстан Республикасының заңнамасын білу және логикалық ойлауды тексеру үшін компьютерлік тестілеу;
- орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары өткізетін әңгімелесу.
Қазақстанда мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді
1 сәуірден бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігімен Ұлттық білім беру деректер қорында педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модуль іске қосылады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізуге бағытталған.
Сондай-ақ педагогтерді аттестаттауда құжаттарды тапсыру бойынша да автоматтандыру енгізіліп жатыр. Енді педагогтердің барлық мәліметі «Педагог портфолиосы» модулінде жинақталады. Мұнда педагог туралы, оның білімі, денсаулық жағдайы, жұмыс тәжірибесі, құқық бұзушылықтар, аттестаттаудан өту, марапаттары және тәлімгерлік пен цифрлық құжаттар туралы электронды ақпарат сақталады.
Қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау басталады
8-18 сәуір аралығында 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз гранттың І-ші легі бойынша өтінім беру басталады.
Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады.Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты – әлеуметтік осал топтар қатарындағы адамдарға ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Өтінім беру үшін қажет:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-жоспар жарамайды);
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, аудандық мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.
Төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар азаматтар;
- қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
- Мүгедектігі бар баланы (18 жасқа дейінгі бала) тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
-асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сонымен қатар, гранттар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз жеке кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда және үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты бар халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.
Грант иегері атанған азамат хабарламаны алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде салық органдарында өз қызметін тіркеуге міндетті.