Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев облыстық ситуациялық орталыққа барды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық ақпараттық орталыққа сілтеме жасап.
Мамандар әкімді ситуациялық орталықтың жұмысымен таныстырып, Семейде «Сергек» жүйесі 1 қазанда іске қосылатынын айтты. Қала бойынша барлығы 1 551 бейнекамера қойылған. Сонымен бірге олардың көп бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеуге бағытталады.
Біз қазір тест режимінде бұзушылықтарды анықтай аламыз. Материалдардың бір бөлігі қазірдің өзінде қадағаланып жатыр. Мәліметтер сервер базасында сақталады. Жүйе 1 қазаннан бастап іске қосылады. Тұрғындарға жылдамдықты арттыру, белдікті байдамай рөлге отыру, бағдаршам қызыл жанғанда өтіп кету секілді жол ережесін бұзғандар камераға тіркеліп, бірыңғай орталыққа жеткізілетінін хабарлаймын. Заң бұзушылар жазаланады деген сөз, — деді Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Димитрий Гариков.
Бұдан бөлек «Көмек 109» іске қосылады. Бұл қызметке қаладағы барлық коммуналдық қызметті бір жүйеге тоғыстырады. Алдағы уақытта бейнекамералар облыстағы аудан орталықтарында да қойылады.