Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Астана қаласы тұрғындарының 82,0%-ы – МӘМС жүйесінің қатысушылары. 2022 жылдың 31 қазанындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесіне қатысушылар саны – 1 070 887. Әлі 235 187 қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Айтуынша, биылғы 5 қыркүйектен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды.
Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады. Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады, - деді астаналық филиал басшысы.