Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, Үкіметтің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін халыққа бере бастауының да зардабы бар болып шықты. Өйткені осы күні еліміздің ірі қалаларында тұрғын үй бағасы қымбаттады. Енді алдағы уақытта тұрғын үй нарығында баға қандай болмақ? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Құрылыс материалдары бағасының қымбаттауы жағдайды шиеленістіріп жіберді
Жалпы зейнетақы қорынан қаражат бөлінеді дегеннен бастап тұрғын үйдің бағасы шарықтай бастады. Бірақ соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде баға белгілі бір деңгейде тұрақталған. Енді осыдан шығатын түйін – баспана бағасы қайта қалыпқа келе ме? Меніңше, баға енді түспейді. Өйткені тұрғын үйлердің жабдықтаушысы ретінде құрылыс материалдарының бағасы қатты қымбаттап кетті. Бұл жағы қадағалаусыз қалды. Басынан-ақ басты назарда ұстау керек еді. Менің жеке пікірім бойынша құрылыс саласында бағаның нақты келісімі жүзеге асуы шарт. Алдағы уақытта да баспаналардың бағасын реттеу үшін үкіметтің бірінші қадамы құрылыс материалдардың бағасын ретке келтіру деп білемін, - деді экономист Мақсат Халық.
Экономист айтқандай, құрылыс нарығында баға шарықтап кеткен. Мысалы, energyprom.kz порталының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы сәуірде кәсіпорындар өндіретін құрылыс материалдары бағасының жылдық өсімі 21,4% болған. Былтырғы жылы 0,3%-дан аспаған. Бір жылдың ішінде жағдайдың қалай өзгергенін осыдан байқауға болады. Құрылыс материалдары Шымкент пен Павлодар облыстарында (4,2%) және Маңғыстау өңірінде (18,6%) қымбаттаған.
Көктемде Мәжілісте депутат Жамбыл Ахметбеков осы мәселені көтеріп, дабыл қаққан болатын. Оның айтуынша, арматураның бағасы қысқа уақыт ішінде 40%-55%-ға өскен. 2020 жылдың қыркүйегінде бір тонна арматураның бағасы 190 мың теңге болса, бүгінгі таңда оның бағасы 290-325 мың теңге аралығында екен.
Тағы бір экономист Сапарбай Жобаев та тұрғын үй бағасы енді төмен түспейтінін, оған негізгі үш себеп барын айтты.
Біріншісі, тұрғын үйдің өзіндік құнының өсуі. Оған материалдардың және жабдықтардың бағалары қымбаттауы себеп. Өкінішке қарай, сол құрылыс материалдардың 30-40 пайызын шетелден импорттаймыз. Екіншіден, өзіміздегі инфляция деңгейі. Ұлттық банктің мәліметі бойынша 2021 жылы 5-7 пайыз инфляция болады. Бұл біздің дамушы мемлекет екеніміздің белгісі. Үшіншісі, пандемия кезінде халық жалақы мен қосымша жәрдемақы алды. Сосын зейнетақы қорынан да қаржы шешкендер бар. Оның көбісі қаржысын тұрғын үй саласына құйып жатыр. Осыдан бұл нарықта ақша массасы арта бастады, - дейді Сапарбай Жобаев.
Ол осы ретте зейнетақы қорындағы ақшаны тұрғын үй саласына салғаннан кейін бірден пәтер бағасы қымбаттағанын, Үкіметтің мұндай әрекетке барғаны дұрыс болмағанын айтып отыр.
Президент және биліктегілердің не үшін мұндай шешім қабылдағаны түсініксіздеу болды. Биліктегілер мүдделері үшін қабылдағаны көрініп қалды. Зейнетақы қорындағы ақшасын шешіп алу үшін талапқа сай келетіндердің үлесі – халықтың 1 пайызын ғана құрайды. Осылардың мүддесі үшін 99 пайыз халықтың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі кеміді. Президентіміз осындай шешім қабылдады. Енді болары болды. Бірақ бұрынғы баға қайтып қалпына келуі мүмкін емес. Инфляцияның өсуі мен ақша массасының көбейгенін аңғарсақ, тұрғын үй бағасы көтерілмесе, енді төмендемейді, - дейді экономист.
Алматыда орташа баға 500 мыңға жақындады
krisha.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, сәуір айында Алматыдағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 493 075 теңгені құрап отыр. Наурыз айымен салыстырғанда 0,9 пайызға қымбаттаған. Елордада қаңтар мен ақпан айларымен салыстырғанда баға аса қатты өспеген. Яғни 1,2 пайыз болды. Ал қаңтар мен ақпанда тиісінше 2,5 және 3,5 пайыз көлемінде болған. Нұр-Сұлтан қаласында орташа баға – 372 мың.
Сәуір айында ең жоғары өсім Ақтөбе қаласында байқалды. Өйткені 2,7 пайызға көтеріліп, баға 198 850 теңгеге жетті. Тұрақтылық жағынан Қостанай (+0,3%), Шымкент (+0,4%) және Көкшетау (+0,5%) қалаларын айтуға болады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүінсек, еліміз бойынша сәуірде орташа есеппен жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің сату бағасы 327 мың 14 теңгені құраған. Қайта сатылған жайлы тұрғын үй – 261 мың 776 теңге, жалға берілетін жайлы тұрғын үйдің 1 ш.м. – 1744 теңге.
Инфляция – тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді?
Әлеуметтік желілерде егер елде инфляция болып, теңгенің құны төмендеп, доллар қымбаттаса, тұрғын үй бағасы автоматты түрде қымбаттайды деп пікір айтып жатқандар бар. Осыған байланысты екі экономисттің де пікірін сұраған едік.
Доллар бағасы сырттан тасымалданатын тауарлар көп болғанда көтеріледі. Егер де доллар қымбаттаса, автоматты түрде бағалар өсіп жатады. Мұның басты себебі – сырттан тасымалданатын тауарлардың көп болуы.Тағы бір мәселе – спекуляттар. Яғни шетелдік тауарлар қымбаттағанда, девальвация болғанда импорттық тауарлардан қалыспай, өзіміздің отандық тауардың бағасын да өсіріп жіберетін кәсіпкерлер. Олар да қалыспай, өз пайдаларын ойлап тұрады. Мұндайлар мемлекеттің басты назарында болуы тиіс, - дейді Мақсат Халық.
Ал Сапарбай Жобаев инфляцияның болуы дамушы елдерде қалыпты жағдай екенін, мұндағы тағы бір мәселе теңге бағамының өзгеруіне байланысты екенін айтты.
Жалпы қазіргі таңда валюта биржасында экспортқа түсетін валютадан бөлек, ұлттық қорға жиналған ақшаны да биржаға құйып, валютаға деген сұранысты қамтамасыз етіп тұрмыз. Сондықтан да бұл жүйе сақталады. Ұлттық қордан 2,5 триллион ақша бюжетке беріледі. Биржа арқылы сатылып, кейін теңгемен бюджетке қосылады. Сол себепті қомақты қаржыны валюта бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Кейін Президенттің квазимемемлекеттік кәсіпорындардың валюталық түсірілімдерінің 50 пайызын міндетті түрде сату деген шешімі шыққан. Біздегі теңгенің долларға шаққандағы бағамын ұстап тұрады. Валюта бағамын өзгеруі үлкен инфляциялық жағдайға алып келмейді, - деді ол.
«Баспана хит» пен «7-20-25» бағдарламаларының жабылуы нарыққа қалай әсер етеді?
Қазақстанның Ұлттық банкі 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды кезең-кезеңімен тоқтатуды жоспарлап отыр. Соның ішінде тұрғын үйге қатысты ипотекалық «Баспана хит» пен «7-20-25» бағдарламалары бар.
Халыққа «Баспана хит» бағдарламасы бойынша 600 млрд, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге қарыз беру көзделген. «Баспана хит» бағдарламасына жүгінген азаматтар күні бүгінге дейін 493 млрд теңге қарыз алды. Бекітілген лимитке жеткеннен кейін «Баспана хит» бойынша несие рәсімдеу тоқтатылады. Ал қазірге дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша 325 млрд теңге несие берілді. Қалған 675 млрд теңге толық үлестірілгенше бағдарлама жалғаса береді.
Бұл екі бағдарлама да 2018 жылы іске қосылған. Сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «7-20-25» бағдарламасының мақтауын әбден келістірген еді.
Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба. Әрбір жұмыс істейтін қазақстандық бұл бағдарламаға сай қолжетімді шарттармен ипотекалық несие ала алады, - деген болатын Назарбаев 2018 жылы.
Үш жыл ішінде «Баспана хит» бағдарламасы бойынша 54 мың отбасы қоныс тойын тойлады. «7-20-25» бойынша үй алғандардың үлесі одан екі есе аз. Енді мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік қолдауға сенудің қажеті жоқ секілді.
Әлемдік дағдарыс және оның экономикаға тигізетін әсерін ескеріп, нарық принциптеріне жол бере отырып, мемлекеттің несиелеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты Үкімет, Ұлттық банк және агенттік арасында жылдың басында 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылған болатын. Келісім аясында 2023 жылдан бастап Ұлттық банк мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырмайды, - дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Сарапшылардың бұл бағдарламаларға қатысты пікірлері де әртүрлі. Мысалы, Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов баспана бағасы алдағы күндері төмен түсуі мүмкін деп отыр.
Алдағы күндері елде жаңа үйлер 10 пайызға, екінші нарықтағы үйлер 15 пайызға арзандауы мүмкін. Оған жеңілдетілген бағдарламалардың жабылуымен қатар зейнетақы қорынан қаржы алғандар легінің азаюы да әсер етеді. Бұған дейін жылжымайтын мүлік бағасы өскен болатын. Қазір бағалар тұрақтанып, аздап төмендеуі мүмкін. Ипотекалық бағдарламалардың жабылуына келетін болсақ, олар тұрғын үй құнына аздап әсер етеді. Бізге ипотекалық мөлшерлемелерді субсидиялау бағдарламасы бойынша бір институт қалады, онда бүгінде мемлекет субсидиялайтын кредиттердің барлық желісі ұсынылатын болады, - дейді Ермек Мүсірепов.
Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының президенті Виктор Микрюков «7-20-25» бағдарламасы тиімді жұмыс істемеген деп пікір білдірді. Оның айтуынша, бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, 2018 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде шамамен 700 млрд теңгеге ипотекалық несиелер берілуі керек еді. Ал берілген барлық несиелердің жалпы сомасы 493 млрд теңгеден аспаған.
Егер бағдарламаның орындалу барысын жылдар бойынша қарастыратын болсақ, онда 2018 жылы жоспары бойынша 100 млрд теңге бөлінуі керек, іс жүзінде 39 млрд теңгеге несие берілді. 2019 жылы 150 млрд теңгенің орнына 96 млрд теңге бөлінді. 2020 жылы жақсы динамика байқалды. Жоспарланған 200 млрд теңгенің 185 млрд теңгесіне несие берілді. Биыл 250 млрд теңгенің орнына тек 93 млрд теңгелік несиелер қаржыландырылды, - дейді Виктор Микрюков inbusiness.kz порталына берген сұхбатында.
Жалпы, Виктор Микрюков тұрғын үй бағасының нарықтағы өсіміне бұл бағдарламалардың жабылуының аса қатысы бола қоймайды деп санайды. Өйткені қазіргі уақытта құрылыс материалдарының жалпы өсімі байқалады. Сондықтан барлығы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты болады деп отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мақсат Халық пен Сапарбай Жобаев «Түркиядан үй сатып алатын қазақстандықтардың көбеюі ішкі нарыққа әсер ете ме?» деген сауалға жауап берген болатын.
Олжас Адай