ШҚО-да 1,3 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

7 Маусым 2019, 16:30
2425
Бөлісу:
ШҚО-да 1,3 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы жеті жылда Шығыс Қазақстанда 2,6 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің қолданылмай, я болмаса ел заңнамаларын бұза отырып қолданылғаны анықталған.

«2012-2018 жылдар аралығында 2608,7 мың гектардан астам ауылшаруашылығы жерлерінің қолданылмай, я болмаса заңды бұза отырып қолданылғаны анықталды. Нәтижесінде 1302,5 мың гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, 657,2 мың гектар аумақтың иелері өздеріне тиесілі жерлерді қайтадан қолдана бастады. Ал 649 мың гектар аумаққа қатысты материал бүгінгі таңда мемлекеттік органдар қарауында жатыр», - деді облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Сейсенғазы Чукаев.

Басқарма басшысының айтуынша, үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің қолданылуын бақылау функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілген. Сол уақыттан бері Алтай, Бородулиха және Тарбағатай аудандарында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 17,4 мың гектар аумақтың заңды бұза отырып қолданылғаны белгілі болған. Заң бұзушылар әкімшілік жазаға тартылып, кемшіліктерді жою жөнінде ескертулер алған.

Бұдан бөлек, өңірдегі рекреациялық аумақтар да ерекше бақылауға алынып, облыс басшысының тапсырмасына сәйкес 2016 жылдан бастап Алакөл, Сібе көлдері мен Бұқтырма суқоймасының жағалауындағы жерлер түгенделе бастады.

«Мұндағы басты мақсат көл жағалауында қолданусыз немесе жер пайдалану заңнамаларын бұза отырып қолданылып отырған жер телімдерін анықтау. Басқарма тарапынан аталмыш аумақтарға мемлекеттік бақылау жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 348,85 гектарды құрайтын 1024 жер учаскесінің қолданусыз жатқаны анықталды. Оның 252-сін пайдалану қайта қолға алынса, 175-і мемлекет меншігіне қайтарылды. 30 жер учаскесі бойынша сотқа талап-арыз түсіріліп, 86 жер телімі ескерту мерзімінің аяқталмауына орай бақылауда тұр. Сондай-ақ 481 учаске жер иесінің өзгеруіне немесе бас тартуына байланысты бақылаудан алынды», – деді Сейсенғазы Жұмағалиұлы.

Өзгелердің жаңалығы