0-6 жас аралығындағы балаларға ерекше қамқорлық көрсетілуі тиіс - Зағипа Балиева

19 Қараша 2020, 01:36
976
Бөлісу:
0-6 жас аралығындағы балаларға ерекше қамқорлық көрсетілуі тиіс - Зағипа Балиева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың проблемасын қозғады. Ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. 

1994 жылы Қазақстан балалар құқығы туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялады. Оның 3-ші бабына сәйкес, Конвенцияға мүше мемлекеттердің бәрі де өзінің балаларға деген қарым-қатынасында ең бірінші кезекте олардың мүдделерін қамтамасыз ету мәселесіне назар аударады. Әсіресе ата-аналарының қарауынсыз қалған және мүгедек балаларды мемлекет ерекше қамқорлыққа алуы тиіс, - дейді Зағипа Балиева Парламент Мәжілісінің отырысында. 

Оның айтуынша бүгінгі таңда елде 20 Бөбектер үйі бар. Онда үш жасқа дейінгі сау және төрт жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар тұрады. Жылына 200-ге тарта бала ол мекемелерден балалар үйіне немесе мамандандырылған интернаттарға орналастырылады. 

Әйтсе де олардың Бөбектер үйінен балалар үйіне немесе мамандандырылған интернаттарға 3-4 жасында жеткізілуі бөбектерге ауыр психологиялық соққы болып тиеді. Бұған жол бермеу керек. Ғалымдардың зерттеуінше, 0-6 жас аралығындағы балаларға ерекше қамқорлық көрсетілуі тиіс, себебі дәл осы аралықта бала тұлға болып қалыптасады. Бөбектер үйіндегі тәрбиеші педагогикалық қызметкер рөлін ғана атқармайды, ол көбінесе балаға ана орнына ана болады. Оны бағып-қағып, бөбектерге қиындықтардан қиналмай өтуге көмектеседі. Сол себепті осынау жылы қарым-қатынасты барынша ұзартып, бөбекке мектепке дейінгі бүкіл балалық шағын оны түсінетін жақындарының ортасында өткізуге мүмкіндік беру керек, - дейді депутат. 

Зағипа Балиева осы мәселеге байланысты Үкімет басшысынан балалардың Бөбектер үйіндегі тәрбиелену мерзімін 6 жасқа дейін ұзартуды сұрап отыр. Айтуынша бұл шаралар республикалық бюджеттен қосымша шығындарды қажет етпейді.

Өзгелердің жаңалығы