Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды туристік орталыққа айналдыру мақсатында 18 тарихи-мәдени нысанды қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқаны белгілі.
Қазіргі таңда кешенді ғылыми, реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қабірхана, Қазандық, Үлкен Ақсарай, Қабірхана, Құдықхана бөлмелерін ақтау жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі, Казарма, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Дарбаза қақпасы, Хан мешіті, Жеті ата қақпасы, Қылует жер асты мешіттерінде реставрациялау жұмыстары қарқынды жүруде.
XI-XII ғасырдағы 40 мешіттің ішінен қазіргі заманға дейін жеткен жалғыз діни орын Жұма мешітін михрабымен бірге толығымен жаңғырту және ағаш бастырмасын кеңейту жұмыстары да жоспарланған. Қазіргі таңда мешіттің оңтүстік-шығыс қабырғаларына демонтаж жұмыстары жүргізілуде.
XI-XII ғасырға тән Қылует жерасты мешітін қайта жаңғырту барысында ғимараттың негізгі салмақ түсетін құрылымдары мен жерасты құрылысының іргесін кеңейту жұмыстары жасалуда.
Ортағасырлық шығыс моншасы - XV ғасырдың тарихи жәдігері. Монша мен күмбездің жұқа қабатын, интерьерін реставрациялау, екінші есікті салу және іргелес аумақты абаттандыру жоспарланып отыр.
Казарма - сәулеттік ғимарат. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Қазіргі таңда сәулеттік ескерткіштің шатырын толығымен ауыстыру жұмыстары жүзеге асуда.