Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан бұрын немесе кейін шалуға болмайды.
ҚМДБ мамандарының айтуынша, уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Әлбетте, осы күнде біздің ең алдымен бастайтын ісіміз – ол намаз оқу. Кейін қайтып, құрбандық шаламыз. Кім солай істесе, ол біздің сүннетімізді орындапты. Кім одан алдын малды бауыздаса, ол өз отбасын жай етпен қамтамасыз етіпті. Ғибадат болып есептелмейді", – деді. Құрбандық шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады, – дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл.
Оның айтуынша, бұл мәселеде маңызды төрт үкім бар.
Бірінші, қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.
Екінші, қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.
Үшінші, бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жай садақа болып қалады. Қазақ дәстүріндегі шектік рәсімі осыған тура келеді.
Төртінші, құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген. Сондай-ақ, құрбандықты айттың бірінші күні шалған абзал.