Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Башқұртстанның Уфа қаласында өткен 4-ші халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалінде «Қазақфильмнің» екі фильмі жүлдеге ие болды. Бұл туралы киностдияның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қыз бен теңіз» фильмі (режиссерлері Әзиз Зайыров мен Мұхаммед Мамырбеков) «Әлеуметтік және мотивациялық кино» номинациясында қоғам қайраткері Каринэ Хабированың атынан арнайы жүлдеге ие болды. Ал фильмде басты рөлді сомдаған актер Тахир Умаров Башқұртстан Республикасы отбасы және еңбек министрлігі тағайындаған «Орындалған армандар үшін» арнайы жүлдемен марапатталды.
«Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмінің режиссері Рүстем Әбдірашев Башқұртстан кинематографистер одағының «Ұлттық киноның дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесіне ие болды.
Естеріңізге сала кетсек, бұл кинофестивальге режиссер Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» деректі фильмі қатысқан болатын. Филмдерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ түсірген.
«Күміс Ақбозат» фестивалі 2014 жылы халықаралық байқау ретінде бірден жұмыс істей бастады. Келесі жылы бұл фестивальге 11 елден 36 фильм, сондай-ақ Ресей өңірлерінің туындылары қатысты. Аталған байқау бірінші күннен бастап Еуропаның фильмдерімен қатар Иран, Куба, Тәжікстан, Бангладеш және тағы да басқа елдердің режиссерлері түсірген жұмыстарын көрсете бастады. «Күміс Ақбозат» фестивалі әлем халықтарының рухани және мәдени құндылықтарын насихаттауға, ұлттық және этникалық бағыттағы фильмдерді түсіруші кинематографистер шығармашылығын дәріптеуге, Ресей аймақтары және шетелдермен мәдени қатынасты дамыту үшін ойластырылған.