"Қазақфильм" мультфильмдері youtube желісіне жүктелді

28 Қазан 2019, 20:15
4106
Бөлісу:
"Қазақфильм" мультфильмдері youtube желісіне жүктелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Әмен Қайдаров негізін қалаған отандық анимация елімізде, сонымен қатар шетелде де үлкен сұранысқа ие. Сапасы жағынан батыстың фильмдерінен кем түспейтін біздің мультфильмдер үнемі халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

"Өздеріңіз білетіндей, биыл қыркүйектің ортасында "Қазақфильмде" қазақ киносының мұражайы ашылған болатын. Осы мерекеге орай "Қазақфильм" киностудиясы еліміздің анимация саласының дамуына үлес қосқан киногер ардагерлерімізге естелік сыйлықтарды – қазақ анимациясының 50 жылдығына арнайы шығарған күміс монеталар және пошта маркасын табыстады. Анимация өнері – кино өндірісіндегі стратегиялық маңызды әрі ең қызықты салалардың бірі. Біз үшін әр көрермен қымбат, сондықтан да анимация саласында да бүлдіршіндеріміздің көңілінен шығуға тырысамыз", - деді "Қазақфильм" киностудиясының президенті Арман Әсенов.  

Сонымен қатар, киностудия басшысы осы жылдың соңына дейін бүгінгі қазақ анимациясына арналған пошта маркаларының жарыққа шығатынын айтты. Бұл маркаларда Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының "Анимациялық кино" шығармашылық бірлестігінде түсірілген мультфильмдердің кадрлары бейнеленетін болады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-ның тәуелсіздік жылдары жарыққа шығарған бірнеше анимациялық фильмдерді "Қазақфильм" киностудиясының youtube желісіндегі ресми арнасынан көруге болады.

Одан бөлек, "Қазақфильм" киностудиясы қазақ киносының алтын қорына енген фильмдерді, оның ішінде қазақ киносының классигі Шәкен Айманов түсірген барлық фильмдерді өзінің youtube желісіндегі ресми арнасына жүктеуді жоспарлап отыр.

 

Өзгелердің жаңалығы