Петропавл. Қар суымен күн көрген ауыл

4 Наурыз 2019, 19:16
8281
Бөлісу:
Петропавл. Қар суымен күн көрген ауыл
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлдың іргесінде орналасқан елді мекен қаңтар айынан бері ауызсусыз отыр. Амалы құрыған тұрғындар қар суын тұтынуға мәжбүр.

Петропавл. Қар суымен күн көрген ауыл

«2603-ші шақырымдағы аялдау бекеті». Ертеректе теміржол торабы болған ауылдың басқа атауы жоқ. Шағын ғана елді-мекенде 11 отбасы күнелтіп отыр. Балалар көрші ауылға барып оқиды. Мектеп, аурухана, дүкен сынды нысандардың жоқтығына әбден еті үйренген көпшілік енді ауызсусыз қалды. Үйге қар тасу — мұндағылардың күнделікті әдетіне айналған. Татьяна Мищерикова таңертеңнен кешке дейін 20-30 шелек ақ ұлпа жинайды. Мұнмен іс бітпейді, оны ерітіп, бірнеше рет сүзгіден өткізу керек.

Петропавл. Қар суымен күн көрген ауыл

«21 ғасыр. Жеткен жеріміз осы. Облыс орталығынан 20 шақырым қашықтықта тұрамыз. Күніміз үйге қар тасумен өтеді. Бір шелектен бір литр ғана су шығады. Кір жуу үшін 2-3 күн бойы қар тасимын. Суды қайта-қайта сүземін. Қар лас, пештен, паравоздардан шыққан түтіннің бәрі қонады. Бірақ басқа амал жоқ. Өткенде ауылға әкімдік су жеткізіп берген. Ішуге жарамады. Таза емес, әрі тұзды. Шайға қасықтап қант саламын, бәрібір дәмі шығып тұрады. Қардың суын қайнатып ішіп отырмын», - дейді зейнеткер Татьяна Мещерякова.

Қауқары барлар аялдау бекетіне іргелес орналасқан Боровское ауылындағы құдықтан су тасдиы. Бір фляга су әкелу үшін адамдар өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамайды. Минут сайын ағылып жатқан пойыздардың астына түсіп қалмай, теміржолды кесіп өту – нағыз сынақ. Келер жолда ауыр ыдысты рельстен көтеріп өткізуге тура келеді.   

Петропавл. Қар суымен күн көрген ауыл

«Көрген күніміз осы. Ауылдық округ әкімі келіп, жиын өткізген. Әкелген сулары ішуге жарамсыз болып қалды. Тұзды. Билік басындағылар мәселені «әне шешеміз, міне шешеміз» деген құрғақ уәдемен күн өткізіп келеді. Үш балам бар. Солардың денсаулығына алаңдаймын», - дейді Айнагүл Ғабдуллина.

Петропавл. Қар суымен күн көрген ауыл

Қаңтар айына дейін ауыл тұрғындарын Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавл қаласындағы бөлімшесі тіршілік көзімен қамтамасыз етіп келген. Өйткені ауылда аталған мекеме қызметкерлері тұрған. Қазір елді-мекенде 2 жұмысшы ғана қалғандықтан, теміржол компаниясы су тасуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп тауып, бас тартқан. Бұл істі жергілікті әкімдік өз мойнына алған. Алайда әкеліген су - тағамға пайдалану түгіл, кір жууға жарамсыз. Оның өзі уәде етілген 10 күнде емес, араға 2 апта салып бірақ келеді.

Петропавл. Қар суымен күн көрген ауыл

«Оңтүстік-Орал теміржол компаниясының жергілікті бөлімшесі су тасудан бас тартты. Жергілікі шаруа қожылақтарымен келліссөздер жүргізіп жатырмыз. 5 күнде бір рет су жеткізу жоспарланып отыр. Келесі аптаға дейін мәсенің оң шешімі табылады деп ойлаймын. Халықтың қар суын тұтынып отырғанын білген жоқпын», - дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Марат Ескендіров.

Судың текше метрі 200 теңгеге бағаланып отыр. Егер берілген уәде жүзеге асса, 2603 –ші шағырымдағы аялдау бекетінің тұрғындарына 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ауыз су жеткізілмек.

Өзгелердің жаңалығы