Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенаты ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы ҚХР жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау бойынша заң жобасын мақұлдады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Смайылов Парламент Сенатының жалпы отырысында баяндама жасады.«Мемлекет басшысының «Қазақстанның 8 жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан экономикасын дамытудағы басымдықтардың бірі – жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту екенін атап өтті. Осыған байланысты жүк транзитінің еркіндігін, көлік дәліздерін құруды және жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет», - деп айтты Смайылов.
Қаржы министрі осы мақсатта Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасының Қазақстан учаскесіндегі өткізу пунктілерінің кедендік инфрақұрылымдарын дамыту қажет екенін атап өтті.
«Қазіргі бар инфрақұрылым өсіп жатқан ағынды біркелкі және жедел өткізуге мүмкіндік бермейді. Мысал ретінде, жуырда қазақ-өзбек шекарасында орын алған жағдайды келтіруге болады. Қазақстан тарапындағы өткізу пунктілерінің алдында күн сайын 100-ден 300-ге дейін автокөлік құралдары жиналып қалуда, тасымалдаушылар кезекте 3 тәулікке дейін тұруға мәжбүр», - деді ҚР Премьер-министрдің орынбасары.
Ол Қаржы министрлігі өткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін «Эталондық өткізу пункті» тұжырымдамасын әзірлегенін мәлімдеді.
«Осы тұжырымдамаға сәйкес Қазақстанның өткізу пунктілерін қозғалыс ағынын (қозғалыс бағыттары қиылыспайтындай) міндетті түрде бөле отырып жайластыру жоспарлануда. Көлік құралдарының тоқтаусыз қозғалуы үшін Техникалық бақылаудың бірыңғай өтпелі автоматтандырылған дәліздері орнатылатын болады. 2018 жылдың маусым айында Бейжің қаласына Мемлекет басшысының сапары шеңберінде сіздерге ратификациялауға ұсынылып отырған негіздемелік келісімге қол қойылды», - деді Смайылов Парламент Сенатының жалпы отырысында.
Ол аталған қарыз шеңберінде ҚХР 9 автомобиль және 1 теміржол өткізу пунктілеріне жаңғырту және техникалық қоса жарақтандыру жүргізуді жобаның іске асырылуын осы жылдың соңында бастауды және 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отырғанын атап өтті.
«ЕАЭО сыртқы шекарасының барлық периметрі бойынша өткізу пунктілерін жаңғырту, сондай-ақ тауарлардың барлық өту циклін автоматтандыру кедендік әкімшілендіру деңгейін арттыруға, өткізу пунктілерінің инфрақұрылымын жақсартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қаржы шығындарына және елдің рейтингіне оң әсер етеді», - деп сөзін түйіндеді Қаржы министрі.
Парламент Сенаты депутаттарының бірауыз шешімімен заң жобасы қабылданды.
Еске сала кетсек, Парламент Сенатындағы Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев Қытай үкіметінен 2 млрд 60 млн юань (116 млрд теңге немесе 300 млн доллар) 20 жылға 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алу туралы министрлік ұсынысын баяндаған болатын.
Оқи отырыңыз: