Зорлық-зомбылықпен күрес: Депутаттар жаңа ұсыныс айтты

30 Қараша 2023, 15:39
624
Бөлісу:
Зорлық-зомбылықпен күрес: Депутаттар жаңа ұсыныс айтты
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу кезек күттірмей шешетін мәселеге айналғанын атап өтіп, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елді елең еткізген соңғы хабарлар қоғамдық сананы дүр сілкіндірді. Осы қорқынышты жаңалықтар ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі анықталды. Осыдан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Жеке өзіме әртүрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түсті, - деп айтты депутат.

Қарақат Әбден студенттер харассментке ұшырау ықтималдығы өте жоғары топ екенін алға тартты.

Жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктердің көптігіне анық көзіміз жетіп отыр. Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы болғанын дөп басып айту қиын. Себебі статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ. Жалпы зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізу қажеттілігі туындап отыр, - дейді ол.

Әдбен кеше ғана мектеп бітіріп, ауылынан шығып көрмеген ақүрпек балапандай жап-жас қыздарды қорғауымыз керегін айтты. Ол атағандай, ибалы, кей-кезі тым ұялшақ, мүмкін, жасқаншақ қазақ қызы – өз басынан өткен осындай жағдайды айта бермейді.

Депутат мынадай ұсыныстар айтты:

  1. Харассментке қатысты анонимді сауалнаманы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында тәуелсіз түрде өткізуді;
  2. Профессорлық-оқытушылық құрам мен барлық студент қыздарға харассментке қатысты заңнамалық-құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді;
  3. Барлық жоғары оқу орындарының Жарғысына харассмент туралы нақты ережелер енгізуді сұраймыз!

Оның мәліметінше, Бас прокуратураның деректері бойынша 2023 жылдың 10 айында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 85 әйел қаза тапқан.

Депутат келесі жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы