Зорлық-зомбылық құрбандарының 50%-ы арыздарын қайтып алады – министр

9 Маусым 2020, 17:40
2243
Бөлісу:
Зорлық-зомбылық құрбандарының 50%-ы арыздарын қайтып алады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қандай жәрдем көрсетілетінін айтты.

Бұл - ең күрделі мәселелердің бірі. Себебі отбасы тұрмыстық қарым-қатынасына қатысты. Отбасындағы проблема сыртқа шыққан кезде полиция араласып, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тарту кезінде құрбандар шағымдарын қайта алып жатады. Себебі олар балаларының толық жанұяда өскенін қалайды. Тіркелетін оқиғалардың 50 пайызында осындай факт кездеседі. Бізде әрекет ету әдістері де бар. Бұл сол отбасыларды үнемі бақылауда ұстау, - деді Ерлан Тұрғымбаев. 

Министр барлық құқық бұзушылықтың алдын алу мүмкін емес екенін айтты. 

Осыдан бір ай бұрын бізге хабар келіп түсті. Әйелін бұрынғы күйеуі ұрлап кеткен. Біз әйелін де, күйеуін де таптық. Күйеуі әйелін ұрып тастаған. Алайда, әйелі арыз жазудан бас тартып, ондағы жарақат құлау кезінде пайда болғанын айтты. Ол бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр, - деді ол. 

Министр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрделілігі сонда, оқиғадан кейін 2 немесе 3 күні құрбандар арыздарын қайтып алатынын айтты. 

Біз дағдарыстық орталықтармен бірлесіп жұмыс істейміз. Бізбен жұмыс істегісі келетін қоғамдық ұйымдар да баршылық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын дағдарыс орталықтарына психологиялық көмек алуға бағыттап тұрамыз. Мен қоғамды ішкі істер органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Бұл - өте күрделі әлі жүйелі жұмыс. Себебі ол отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған балалар кейін ішкі істер органдарының есебінде тұрады, - деді ол.

Бұған дейін Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы блок-бекеттегі апатты жағдайға қатысты пікір білдіріп, полицейлерді қағып өлтірген Азаматовтың ішкі істер органдарынан 4 күн бұрын шығарылғанын айтты. 
Өзгелердің жаңалығы