2025 жылдың қорытындысы бойынша зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік төлем (АӘТ) 6 289 қазақстандыққа тағайындалды. Жалпы төлем алу үшін 6 675 адам өтініш берген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республикалық бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) есебінен төленетін арнайы әлеуметтік төлемге 590 адам жүгінген. Олардың 581-іне төлем тағайындалды.
Ал төрт көзден – республикалық бюджеттен, БЖЗҚ-дан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компаниясынан төленетін төлемді 6 085 адам сұратқан. Бұл санат бойынша арнайы әлеуметтік төлем 5 708 азаматқа тағайындалған.
Сонымен қатар, 196 өтініш беруші сақтандыру компаниясымен зейнеталды аннуитеті шартын жасасуды күтіп отыр. Тағы 103 адам СМС-хабарламаға жауап бермеген. Ал 87 жағдайда міндетті талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылған.
Өңірлер бөлінісінде өтініштердің ең көп саны Қарағанды облысында тіркелген (екі көз бойынша – 88 адам, төрт көз бойынша – 922), Павлодар облысында (тиісінше 37 және 774) және Шығыс Қазақстан облысында (49 және 492).
Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтар үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
Аталған төлемді алу үшін міндетті шарттар – 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде жеті жыл кәсіби зейнетақы жарналарының болуы. Төлем зейнет жасына жеткенге дейін жүргізіледі. Оны алу үшін зиянды еңбек жағдайындағы жұмысты тоқтату қажет.
Сонымен қатар, қызметкерлер жеңіл жұмысқа ауыстырылып, жалақыны арнайы әлеуметтік төлеммен бірге алуына немесе еңбек қызметін толық тоқтатып, зейнетке шыққанға дейін төлем алуға мүмкіндік бар.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аударуға міндетті. Мұндай кәсіптер мен қызмет түрлерінің тізімі 2,3 мыңнан астам позицияны қамтиды. Арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 17 саласында, соның ішінде тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтарға қарастырылған.