Өзіме сенімді болдым: ҰБТ-да 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап түлектерге кеңес берді

23 Маусым 2020, 11:17
4393
Бөлісу:
Өзіме сенімді болдым: ҰБТ-да 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап түлектерге кеңес берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҰБТ-2020-ның алғашқы күні ең жоғары балды Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Абзал Әбдіманап жинады. 

Теспе орта мектебінің түлегі 140 балдың 138-ін алды. Мектепті жақсы үлгеріммен бітірген Абзал ҰБТ-да биология және химия пәндерін таңдаған. Енді медицина факультетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Мен ҰБТ-ны 21-і күні Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылының Шоқан Уалиханов мектебінде тапсырдым. Тестілеу сұрақтары маған оңай болды, өзім оқыған, жақсы білетін тақырыптар келді. Тест тапсыру кезінде бақылаушылар бәрін қарап жүрді, жоғары балды өзімнің таза біліміммен алып шықтым, – дейді Абзал Әбдіманап.
Өзіне сенімді түлек болашақта тіс дәрігері болуды қалайды. Талапкер қатарластарына да тек өз біліміне сенуге кеңес беріп, сәттілік тіледі.

Енді өзімнің жүрек қалауыммен медицина саласына түскім келеді. Болашақта ағаларым сияқты тіс дәрігері болсам деймін. Өзімнен кейін тапсыратын талапкерлерге шпаргалка сынды тыйым салынған заттарды алып кірмеуге кеңес беремін. Өйткені оны алып кіре алмайсыздар, камерадан бәрі көрінеді, бақылаушылар да қарап тұрады. Қатарластарыма айтарым, тек өздеріңізге сеніңіздер, сіздерге сәттілік тілеймін, - деді шымкенттік түлек.
Абзал бос уақытында кітап оқығанды, спортпен айналысқанды ұнатады. Соңғы оқыған кітабымен де бөлісті.

Сабақтан бос уақытымда кітап оқимын. Соңғы оқыған кітабым – М. Әуезовтің "Абай жолы" романы. Сондай-ақ, достарыммен футбол, волейбол ойнағанды ұнатамын, - дейді Абзал.
Түлек ҰБТ-да 120-дан астам балл жинауды алдына мақсат қойған екен.

Мен алдыма мақсат қойып, қашанда соған жетуге талпынамын. ҰБТ-ға дайындалып жүргенде 120 балл аламын деп ойладым. Қазір 138 алғаныма өте қуаныштымын, – деді Абзал Әбдіманап.



Өзгелердің жаңалығы