Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет саласының үздігі, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы «Нұр Отан» БПҰ төрайымы Зибагүл Қарина Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы ҚР Президенті Жарлығына қатысты пікір білдірді.
Ол Елордаға қоныс аударған жылдарға шегініс жасап: «1995 жылы Жезқазғаннан осында көшіп келдім. Негізі торғайлықпын. Қаланың сол кездегі атауы Ақмола болатын. Өзі бір жадағайлау шаһар еді. Кейін Астана болып өзгергенде құлпырып сала берді. Мұнда қаншама адам арман қуып келіп, бақытын тапты», – деп еске алды.
Белгілі актриса өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Тұңғыш Президенттің мәдениет саласын көтеруге қосқан зор үлесін тілге тиек етіп, шетелге шыққан алғашқы гастролі туралы әңгімеледі.
«1992 жылы Мысырға гастрольдеп барып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін сахналадық. Мен Баянның рөлін сомдап шықтым. Әлем қазақ деген халықты білмейтін кез. Қойылымның соңына қарай дұға оқылатын. Сонда мысырлықтар біздің мұсылман екенімізді біліп, орнынан тұрып қошемет көрсетті. Бәріміз ерекше толқыныспен оралып едік. Осы бір сапарымызды Тұңғыш Президенттің өнерімізге, мәдениетімізге деген үлкен қамқорлығы деп түсіндік. Осы арқылы «Елбасы Қазақстанды әлемге танытты» деген сөздің бекер емес екенін айтқым келеді», – дейді Зибагүл Жақсылыққызы.
Мемлекетімізде болып жатқан оң өзгерістерді көріп, «Елбасымен неге бірге болмасқа?!» деп, ол 2007 жылы «Нұр-Отан» партиясына қабылданды.
«Тұңғыш Президент – нағыз лидер. Қазақ елі үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған қызметі өлшеусіз. Сондықтан, қаламызға атын беруді қуана қуаттаймын. Ел бұл атауға ертең-ақ үйреніп кетеді. Жақсылықты көре білу керек. Оны көріп тұрып бағаламасақ, бізге сын. Ендігі менің бір арманым – Нұр-Сұлтан қаласында академиялық қазақ драма театры салынса деймін. Сол шаңырақта сүбелі қойылымдар сахналанып, елдің мерейін одан әрі асырса, қандай ғажап?!», – дейді өнер иесі.
Зибагүл Қарина «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Ол театрда 40 жылдай тер төгіп келеді. Кино саласында «Балкон» фильмінде (1988 ж) Жанна, «Кек» фильмінде Хадиша, «Айман-Шолпан» телехикаясында Несібелі, «Қарашаңырақ» телехикаясында Рыскүл Ахметқызы және т.б. кейіпкерлері арқылы көпшілікке танымал.