Зимбабведе су алуға барған әйелге қолтырауын шабуыл жасаған, деп хабарлайды BAQ.KZ Newsday басылымына сілтеме жасап.
Оқиға Замбези өзеніндегі Кариба су қоймасында болған. Әйел су алып жатқанда, қолтырауын оған байқатпай жақындап келген. Оқиға жақын маңда балық аулап жүрген ер адамның көз алдында болған.
Мен оның айқайлағанын естідім де, көмектесуге ұмтылдым. Бірақ тым кеш еді. Қолтырауын оны суға сүйреп әкетті, - дейді ер адам.
Басылымның мәліметінше, былтыр бұл әйел жесір қалған: оның күйеуі дәл осы су қоймасында қайтыс болған. Қайығы аударылып, суға батып кеткен делінеді. Ал жергілікті дін өкілдері әйелді жын-шайтан қуалап жүргенін айтып, тоғыз ай бойы Карибаға бармауға кеңес берген екен.