Жылыту маусымына дайындық: Екібастұз жылу электр станциясында жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр

17 Тамыз 2022, 12:20
1199
Бөлісу:
Жылыту маусымына дайындық: Екібастұз жылу электр станциясында жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр
Фото: автордан

Биылғы қыста Екібастұз қаласының халқы жылусыз қалуы әбден мүмкін. Себебі, кеншілер мен энергетиктер шаһарындағы жылу тарататын жалғыз кәсіпорында жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр, деп хабарлайды Павлодардағы BAQ.KZ тілшісі.

Екібастұз қаласының жылу маусымына дайындығы талқыланды. Шараға жауапты тараптардың барлығы қатысты. 

Айта кетейік, бұған дейін энергетиктер қаладағы жылу тарату компаниясы жергілікті әкімдікке станцияның мүлкін коммуналдық иелікке алуды ұсынды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, жылу орталығы қарызға белшеден батқан. Ал инженерлік желілер әбден тозған. Соңғы үш жыл ішінде компанияның шығыны 3,7 млрд. теңгеге жуықтады.

Десе де, аймақ басшылығы станцияны коммуналдық иелікке алу жоспарда жоқ екенін жеткізді. «Екібастұзжылуэнерго» кәсіпорнының бас директоры Павел Мельничуктың айтуныша,  станцияда жөндеу жұмыстары жалғасын тауып жатыр. 

Бүгінгі таңда біз жұмыс кестесінен кешеуілдеп жатырмыз. Осы уақытқа дейін жөндеу шараларының 93%-ы аяқталуы керек еді. Бүгінде жұмыс көлемінің 75%-ы ғана атқарылды. Жылу маусымы басталғанға дейін сегіз қазандық дайын болады, - дейді павел Мельничук. 

Жылу электр станциясындағы мәселелерден облыс басшылығы хабардар. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, кәсіпорындағы бес бу қазандығы тиімсіз жұмыс істеп жатыр. Проблеманы шешу үшін жаңа турбина салу керек. 

«ЦАЭК» АҚ өкілдерінде сәйкес техникалық-экономикалық негіздеме бар. Дегенмен, тек қағаз жүзінде. Қаржыландыру мен мәселені шешудің оңтайлы жолдары пысықталмаған. Әкімдікпен ештеңе талқыланбаған. АҚ басшылығы жылу маусымына дайындық уақтылы аяқталатынына және жылу маусымының өзі штаттық режимде өтетініне кепілдік берді. Қала жылусыз қалмайды, - дейді Әбілқайыр Сқақов. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда Екібастұз жылу станциясындағы төрт қазандықтың күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Шаһарды жылумен қамтитын кәсіпорынды сату жоспарланбаған. Сонымен қатар, техникалық аудит өткізу жүргізілмейді. 

Өзгелердің жаңалығы