Астанада ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша арнайы кеңес өтті. Оған өңір әкімдерінің орынбасарлары, энергетикалық кәсіпорын басшылары және өңірлік штаб өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, биылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. «Инвестицияға айырбасталған тариф» бағдарламасы аясында 2025 жылы ЖЭО-лардың тозу деңгейі 61%-дан 59%-ға дейін төмендеген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3 ЖЭО «жасыл аймаққа» ауыстырылып, 9 нысан «қызыл аймақтан» шығарылған. Алайда қазіргі таңда елдегі 37 жылу электр орталығының 10-ы ғана «жасыл аймақта», 17-сі «сары аймақта», ал 10 станция әлі де «қызыл аймақта» қалып отыр.
Жедел назар аударуды қажет ететін нысандар қатарында Семей, Теміртау (ГРЭС-1), Петропавл, Ақтау (ЖЭО-2), Павлодар (ЖЭО-2), Степногорск, Орал, Қызылорда, Арқалық және Тараз қалаларындағы жылу электр орталықтары бар.
Аталған станцияларда жағдайды тұрақтандыру үшін ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жалпы 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Қазірдің өзінде 2 энергоблок, 5 қазандық және 2 турбина жөнделіп жатыр, ал 1 турбинаның жөндеуі аяқталған.
Министр тек жөндеу жұмыстарымен шектелу жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаржыландырудың шектеулілігі мен жабдықтардың тозуы апаттық тәуекелдердің сақталуына әсер етеді. Сондықтан жүйелі тәсілге көшу және мердігерлерге бақылауды күшейту қажет.
«Келесі жылыту маусымына осындай мәселелермен кіруге болмайды. Он станцияны “қызыл аймақтан” шығару – негізгі басымдық. Әкімдіктер мен станция иелерінен нақты, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын техникалық жоспарлар талап етіледі», – деді Ерлан Ақкенженов.
Кеңес қорытындысы бойынша:
өңір әкімдіктеріне – ай соңына дейін нақты техникалық жоспарларды бекіту;
«KEGOC» АҚ-қа – жөндеу жұмыстарының орындалуын тұрақты бақылау;
мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетіне – проблемалық ЖЭО-ларда апта сайын мониторинг жүргізу тапсырылды.
Энергетика министрлігі халықты сенімді жылумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті.