Жылыту маусымы басталмай жатып бес адам көз жұмды

17 Қазан 2024, 15:12
471
Бөлісу:
Жылыту маусымы басталмай жатып бес адам көз жұмды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ архив

Павлодар облысында жылыту маусымы басталмай жатып бес адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ агентігінің тілшісі.

Жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында бес өрт болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, қайғылы оқиға Ақтоғай және Шарбақты аудандарында тіркелді. Көз жұмған азаматтар төсек орнында темекі тартып, салдарынан өмірмен қоштасты.

Сонымен қатар, үш адам улы газдан уланып қайтыс болды. Өлімнің негізгі себебі – пешті пайдалану ережелерінің сақталмауы. Біз әр азаматқа өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін түсіндіруге тырысамыз. Олқылықтар анықталған жағдайда тек ескерту жасап, кеңес бере аламыз. Заңнама бойынша тұрғын үй секторында тексеріс жүргізу және жауапқа тарту шаралары қарастырылмаған. Сондықтан тұрғындардың жеке жауапкершілігіне ғана сүйенеміз. Рейдтік және түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргіземіз, - дейді Қайрат Шаймарденов.

Айта кетейік, жылыту маусымына дейін қауіпсіздік айлығы өткізілді. Профилактикалық шаралар нәтижесінде мамандар 16 мың жекеменшік баспана тұрғындарымен кездесу өткізіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар, мыңнан астам үйде 1 943 бұзушылық анықталды.

Айлық қорытындысы бойынша департаменттің есебіне 1 200-ден астам тұрғын үй алынды. Нысандар әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтарға тиесілі. Бұл үйлерде 3 600-ден астам азамат тұрады. Жалпы, қалалар мен аудардардағы жекеменшік үйлердің барлығын түсіндіру жұмыстарымен қамтуға тырысамыз. Дегенмен, олқылықтар қайталана береді. Мәселен, жылыту маусымы кезеңіне дейін пешті дайындау керек. Тазалап, қираған жері болған жағдайда жөндеу керек, - дейді өрт сөндірушілер.

Өзгелердің жаңалығы