Жылына 1 мыңға жуық қазақстандық ата-ана құқынан айырылады

1 Маусым 2020, 23:05
1781
Бөлісу:
Жылына 1 мыңға жуық қазақстандық ата-ана құқынан айырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын Қазақстанда балаларына дұрыс қарамаған мыңға жуық адам ата-аналық құқығынан айырылады. Бұл туралы ҚР ІІМ Ювеналдық полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов мәлім етті.

Көбінесе баланың ата-анасы ішімдікке салынып, бала тәрбиесімен айналыспайды. Өз міндетін дұрыс атқармай жүрген ата-аналар, ең алдымен, есепке қойылады. Сол отбасымен профилактикалық жұмыс істеп, тұрғылықты үй-жайы тексеріледі. Тиісті жұмыстардан соң олармен жеке әңгіме жүргізіліп, ата-аналарға нұсқаулық беріледі.

Өкінішке қарай, жыл сайын осы себептердің салдарынан елімізде мыңға жуық отбасы ата-құқығынан айырылады, - дейді Ә. Оспанов.

Ал ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дулат Жекебаев ата-аналарды жұмыспен қамту, ем-дом қабылдауға жіберу мүмкіндіктері ескерілетінін атап өтті.

Алайда баланың қауіпсіздігіне қатер туса, сот арқылы ата-аналық құқығынан айыру мәжбүрлі қадамына барамыз. Кейіннен бұл ата-аналар жағдайды түзету мүмкіндігіне ие. Емделіп, жұмысқа тұрса әрі тұрғылықты баспанасын жақсартса, онда мемлекет комиссиялық тәртіпте ата-ана құқығын қайтаруды қарастыруға дайын екенін атап өткен жөн, - деді Д. Жекебаев.

Өзгелердің жаңалығы