Жылу электр стансаларында құрылғылардың 60 пайызы тозған – энергетик

9 Наурыз 2021, 19:44
2337
Бөлісу:
Жылу электр стансаларында құрылғылардың 60 пайызы тозған – энергетик

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика министрлігі электр энергиясына арналған тарифтерді көтеру туралы бұйрығының жобасын жариялады. Құжат 26 наурызға дейін талқыланады. 

Электр қуатының тарифін көтеруге қандай мәселе түрткі болғаны жайында Қазақстан Энергетиктер кәсіподағының төрағасы Бекбас Оразбек пікір білдірді.

Энергетика саласы - жылу және электр энергиясын шығаратын сала. Сондай-ақ жылу мен электр энергиясын халық пен бизнеске тарады. Біз экономиканың бір негізі болып саналамыз, - деп атап өтті ол.

Сарапшының айтуынша, жылу энергиясы мен электр энергиясының бағасын Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Табиғи монополиялар комитеті бекітеді. Тарифті жыл сайын бекітіп отырғанымен энергетика саласының жағдайы өте қиын. 

Қуаты 24 мың мегаваттан артық шығаратын стансалар бар. Осы 24 мың мегаваттың тек 1,5 пайызын ғана жел және күн стансалары береді. Негізінен энергияны жылу электр стансалары береді. Жылу электр стансаларында тұрған негізгі құрылғылардың 60 пайызы ескіріп тұр. Одан бөлек соңғы уақытта апаттардың саны да артып отырғанын байқауға болады. Мысалы 2020 жылы Қазақстандағы электр энергетика саласында 4 458 техникалық апат болды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 442 жағдайға немесе 11%-ға көп. Яғни стансалардағы турбиналар, бу қазандары, басқа да негізгі өнім шығаратын құрылғылардың жағдайы 60%-ға тозған, - дейді Бекбас Оразбек.

Ол атап өткендей, біріншіден, бұл салаға инвестиция тарту керек, жөндеу жұмыстарына қаражат қажет. Себебі жыл сайын апаттар саны артып келеді.

Екіншіден, мәселен Қаражырадағы көмірдің бағасы 8,6%-ға, Богатырь көмірі 9,9%-ға көбейді. Бұл өнімдердің өзін теміржол арқылы тасудың өзі 7%-ға өсіп отыр. Бюджетке төленетін міндетті төлемдер көлемі 2021 жылы 200 теңгеге артты. Одан бөлек газды тасымалдау бағасы да өсті. 

Маман тағы бір негізгі мәселеге тоқталды.

Энергетика саласында 102 мың адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы республикадағы орташа жалақыдан 6,8%-ға төмен. Мұндай жағдай ТМД елдері бойынша тек Қазақстанда. Ресей, Украина, Қырғызстанда энергетиктер орташа жалақыдан артық алады. Тек біздің энергетиктер 6,8%-ға төмен айлық алады. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, энергетиктердің жалақысы мұнай саласындағы мамандардан 2,5 есеге төмен. Тіпті қаржы, сақтандыру компаниялардың мамандары бізден екі есе артық жалақы алады, - деп түсіндірді Бекбас Оразбек сұхбат кезінде.

Оның айтуынша, энергетика саласынан мамандар кетіп жатыр. 

Мамандар келмей, керісінше кетіп жатыр. Себебі басқа салаларда ақша көп. Сол себепті осы жағдайдың бәрін ескеріп, электр қуаты тарифін көтеру мәселесін қозғап жатырмыз. Бірақ бір нәрсені түсіну керек. Тарифті көтергенмен халыққа келетін баға сол деңгейде қалады. Халыққа берілетін көтерілген тарифті бизнес пен бюджет ұйымдарына көбейтеді. Сондықтан ауылдарда, қалаларда, облыстарда тарифтің бағасын бұрынғыдай қалдыруға болады. Дегенмен біздің саладағы жағдай осы. Тарифті көбейтпесе, халыққа, экономикаға қиын болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы