Мұндай пікірді Мәжілісте киік популяциясы мәселесін талқылағанда депутат Аманжол Әлтай айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Смайылұлы киікті қолға алып, қысы-жазы тұрақты бағу керек деп айтты. Бұл – ақылға сыймайтын ұсыныс. Киік - көшпелі тіршілік иесі. Қыста жылы жаққа, ал жазда Батыс Қазақстан мен Арқаны жайлайды. Қысы-жазы баға алмаймыз. Жылқы мен сиырға шөп таба алмай отырғанда, киікке қайдан табамыз?», - деп атап өтті депутат.
Ол Қарағандыдан Жезқазғанға дейінгі аралықта киіктерге арналған бірде-бір экокөпір жоқ екенін қозғады. Жолдардың барлығы теміржол мен тас жолмен жабылғандықтан, киік өзінің көші-қон жолын ұмытып қалды.
Бұл бағыттар зерделеніп, олардың нақты маусымы белгіленуі керек. Киікке көктемде, төлдейтін уақытта қол тигізуге болмайды. Ал күзде, денесі толық семірген кезде, популяцияны реттеу қажет. Арқадағы киікті шіліңгір шілдеде басқа өңірге қалай айдаймыз? Әр облыста киік қабылдау пунктін ұйымдастыру керек, - деп айтты Аманжол Әлтай Мәжілісте.
Еске сала кетейік, Мәжілісте киіктердің популяциясы мәселелері талқыланып жатыр. Ақмола облысы шаруаларының атынан сөз сөйлеген Ғалымхан Саханов киіктердің егінге тигізіп жатқан кесірі жайлы айтты. Ал Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, "Мұқадес" шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Сағитов киік жыл сайын күрделі мәселеге айналып бара жатқанын айтты.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев Мәжілісте киіктердің популяциясы мәселелеріне қатысты жиында елде қанша киік барын мәлімдеді. Ал депутат Аманжол Әлтай жылқыға шөп таба алмай отырғанда, киікке қайдан табамыз деген мәселе көтерді.