Елімізде жол ережелерін бұзуды тіркейтін 24 мыңға жуық автоматты камера орнатылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олардың көмегімен барлық бұзушылықтардың 50% тіркеледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.
Жол ережелерін бұзуды тіркеудің стационарлық автоматты жүйелерінің профилактикалық әсері жоғары. Алайда олардың саны елді мекендердің көше-жол желісін толық қамтуға мүмкіндік бермейді, ал қала маңындағы трассаларда олар іс жүзінде жоқ. Осыған байланысты полиция 2019 жылдан бастап кіріктірілген камералармен және радарлармен жабдықталған патрульдік көліктерді пайдалануға кірісті. Жол бойында жүйе жол ережесін бұзушылықтарын автоматты түрде тіркейді және оларды Бас прокуратураның орталық серверіне береді. Сонымен қатар, қызметкерлерде бұл ақпаратты жою мүмкіндігі жоқ,-деді спикер.
Ондағы бір экипаждың өнімділігі 15 патрульдің жұмысымен салыстырылады. Қазір елімізде мұндай көліктің 202 бірлігі бар. Маман сөзінше, жыл соңына дейін тағы 86 бірлік сатып алу жоспарлануда.