Жыл соңына дейін 5 мыңнан астам ақтөбелік баспаналы болады

21 Қазан 2022, 19:01
1071
Бөлісу:
Жыл соңына дейін 5 мыңнан астам ақтөбелік баспаналы болады

Бұл туралы Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров мәлімдеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Нағымжан Алдияровтың айтуынша, соңғы үш жыл ішінде Ақтөбе облысында 22 мың пәтер немесе 3,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мәселен, биыл 1 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй қолдануға берілмек. Демек, жыл аяғына дейін өңірде бес мыңнан астам тұрғын өз баспанасына қол жеткізеді.   

Соңғы үш жыл ішінде Ақтөбе облысы елімізде тұрғын үй құрылысы саласы бойынша алдыңғы орында тұр. Одан бөлек, өңірде мектеп, балабақша, спорт кешендері де қарқынды түрде салынып жатыр.  Жалпы, қазіргі таңда Ақтөбе облысында мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейтін 50-ден аса компания бар, олар өңірде 92 нысан салып жатыр. Облыс көлемінде 70 құрылыс компаниясы болса, оларда 50 мыңға жуық адам жұмыс істейді.  Биыл 90 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 12-сінің құрылысы көп уақыттан бері бітпей келеді. Соңғы уақытта құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты облыста құрылыс жұмыстарын жүргізуде бірқатар қиындықтар бар екендігі рас. Атап айтсақ, қазіргі таңда Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би аудандарында спорттық кешендердің құрылысы аяқталмай жатыр. Біз бұл мәселені жыл аяғына дейін шешуге тырысамыз. Дегенмен Ырғыздағы сауықтыру кешенінің конкурсы кеш жарияланды, сол себепті бұл жоба 2023 жылға қалуы мүмкін. Ал басқа жобалар биыл аяқталуға тиіс, — дедіНағымжан Алдияров.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл аяғына дейін облыс орталығында көпқабатты 30-дан астам, ал Хромтау қаласында екі қабатты 120 пәтерлі екі үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қарғалы ауданының орталығы мен Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласының «Есет батыр» шағын ауданында орналасқан үш тұрғын үй «Отбасы Банкі» акционерлік қоғамына өтеді. Олар да алдағы уақытта тұрғындарға тапсырылады.

Биыл несиелік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша 11 жаңа жоба әзірленді. Ақтөбе қаласы «Есет батыр» шағын ауданында бес 9 қабатты тұрғын үйден тұратын бір жобаның құрылысы биылғы жылы басталды, ол 2023 жылы қолдануға беріледі. Қазір облыста халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл үйлер «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары және әлеуметтік кредиттік тұрғын үй аясында беріліп жатыр. Сонымен қатар қазір өңірде 28 тұрғын үйге инженерлік желілер жүргізілуде. Атап айтсақ, оларға газ тартылып, электр желілері жүргізіліп, су бұру және кәріз құбырын салу жұмыстары жасалып жатыр. Биыл жыл қорытындысы бойынша облысымызда 6,5 мыңнан астам жер учаскесіне инженерлік желілерді жүргізу жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы.

Бүгінде Ақтөбе облысында екі компания құрылыс саласына үлестік қатысу бағыты бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар — «Сартай Энерго Сервис» және «KazDorStroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Биыл азаматтардың өтініштерін мониторингілеу қорытындысы бойынша үлестік құрылыспен жұмыс жасайтын кооперативтер бойынша проблемалы 11 нысанның бар екендігі анықталды. Осы құрылыс нысандарының үлескерлерінің проблемаларын шешу бойынша біз қазір белсенді түрде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл тұрғыда облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша жол картасы да әзірленіп, бекітілді, — дейді Нағымжан Алдияров.

Өзгелердің жаңалығы