Бұл туралы ДСМ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, донорлық қанның тапшылығы және трансфузиялар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажеттілігі жаһандық деңгейде маңызды.
Донорлық материалды тиімді және қауіпсіз пайдалану мәселелері өзектілігі артып тұр.
Қан қызметі — денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы бола отырып, медициналық көмекті жедел әрі сапалы көрсетудің басты кепілі. Қазақстан Республикасында жыл сайын 200 мыңнан астам азамат донор болады, олар жалпы алғанда қан мен оның компоненттерінің 250 мыңнан астам донациясын жүзеге асырады. Елімізде дайындалатын және өңделетін донорлық қанның жалпы көлемі жылына 250 мың дозаны құрайды, - деп атап өтті Сәния Әбдірахманова елордада өтіп жатқан трансфузиялық терапия бойынша ХІІІ халықаралық конференцияда.
Сондай-ақ трансфузиология –медициналық жүйенің ажырамас бөлігі ретінде жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік мол деп отыр.
Донорлық пен трансфузиялық терапия саласындағы жаһандық тәжірибе мен жетістіктер Қазақстанда және одан тыс жерлерде халықаралық деңгейде көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, адам өмірін сақтап қалуға бағытталған озық шешімдерді енгізудің іргетасы.
Бүгінгі күні еліміздің 460-тан астам медициналық ұйымы трансфузиялық терапиямен айналысады. Жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан компоненттері құйылады, ал жалпы трансфузиялар саны жылына шамамен 400 мыңға жетеді, - деді Трансфузиология орталығының басшысы.
Елордада әлемдік сарапшылардың қатысуымен трансфузиялық терапия бойынша ХІІІ халықаралық конференция өтіп жатыр.
Делегаттардың қатарында отандық медицина өкілдерінен бөлек, Қытай, Германия, Швейцария, Тунис, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерден келген жетекші мамандар мен ғалымдар бар.