Қазақстанның бірегей географиялық артықшылықтары мен жүк тасымалының тұрақты өсімін ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық әлеуетті дамытуды Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс, — деді ел Президенті халыққа Жолдауында.
Қазіргі таңда елімізде автомобиль, теміржол, әуе және теңіз салаларын қамтитын бірқатар ірі көлік жобалары жүзеге асырыла бастады. Primeminister.kz редакциясы 2023 жылы елімізде көлік саласының даму нәтижелеріне шолу жасады.
● 11 айда Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 895 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға артық. Оныі ішінде транзиттің үлесі 29 млн тоннадан асып, 21%-ға өсті.
● Салаға тартылған инвестиция көлемі 1,6 есеге өсіп, 1,8 трлн теңгеге дейін жетті.
● Биыл теміржол көлігі саласында бірнеше ірі мегажоба жүзеге асырыла бастады.
Атап айтқанда, қарашада Алматы торабын айналып өтетін (74 км) және Дарбаза – Мақтаарал (152 км) теміржол желілерінің құрылысы басталды. Біріншісі жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартып, Алматы теміржол торабын 40%-ға жеңілдетсе, екіншісі Орталық Азия бағытында өткізу қабілетін 10 млн тоннаға арттырады.
Бұдан бөлек, желтоқсанда ұзындығы 272 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымын қосымша 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алдағы үш жылда республикада 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол салынады.
● 2023 жылы 133 локомотив сатып алынды, бұл қазақстандық локомотивтер паркін 6%-ға жаңартып, тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендетеді.
Жолаушыларға жағдайды жақсарту үшін 856 жолаушылар вагоны сатып алынуда. Биыл оның 100 вагоны қолданыстағы бағыттарға қатынай бастады. Нәтижесінде парктің тозуы 47%-дан 45%-ға дейін төмендеді.
● Биылғы жылы жөндеу-құрылыс жұмыстары республикалық және жергілікті маңызы бар 10,7 мың шақырым автомобиль жолдарын қамтыды. Бұл мақсаттарға 753 млрд теңге қарастырылған, бұл былтырмен салыстырғанда 14%-ға артық.
Үш ірі жоба аяқталды: ҮАААЖ, «Қандыағаш – Мақат» және «Үшарал – Достық».
2023 жылдың маусымында ресми түрде Үлкен Алматы айналма автожолындағы (ҮАААЖ) қозғалыс ашылды. Автожол жеке инвестиция есебінен салынды.
Сонымен қатар құрылысы ұзаққа созылған 6 жоба бойынша, яғни «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Меркі – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахан» бағыттарында жұмыстар қарқынды жүргізілді. Олардың бойында елді мекендерді айналып өтетін жолдардан басқа 923 шақырымға көлік қозғалысы ашылды.
Батыс Қазақстан облысындағы ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Казталовка – Жәнібек» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта 220 шақырым бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етілген. Жалпы аталған жолдардағы жұмыстар 2024 жылы толық аяқталады деп күтілуде.
● 2024-2030 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын бірқатар басым жол жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Оның 4,7 мың шақырымы республикалық желіде, 4,5 мың шақырымы облыстық маңызы бар жолдарда.
Республикалық бағыттарға келетін болсақ, 2024 жылы «Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда» (1361 км, оның 56 шақырымы 2024 жылы) «Қарағанды – Жезқазған» (513 км, оның 40 шақырымы 2024 жылы) «Сарыағаш айналма жолы» (102 км), «Қызылорда – Жезқазған» (216 км) жобалары бойынша жұмыстарды бастау жоспарлануда.
Қызылорда облысындағы 569 км автожолын жөндеу жұмыстарына 2023 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 36 млрд теңге бөлінді. Өңірдегі жақсы деңгейдегі жол үлесі 87,5% жетті.
● Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамыту үшін бірқатар маңызды жобалар пысықталуда. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды реконструкциялау, сондай-ақ жүк тиеу жабдықтарын жаңарту жоспарлануда.
Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен астық терминалы іске қосылды.
Сонымен қатар теңіздегі қауіпсіздікті арттыру үшін 2024-2025 жылдары Ақтау және Құрық порттарының акваторияларында тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жалпы жоғарыда аталған жобалардың барлығын жүзеге асыру Қазақстан теңіз порттарының өткізу қабілетін 10 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлік қуаттылықты жылына 300 мың ЖФБ-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылдың қарашасында халықаралық теңіз сауда портына жаңа танкерлер жеткізілді. Олар Каспий теңізінде қазақстандық мұнай тасымалында қолданылады. Танкерлер жетекші басқару жүйесімен, жоғары техникалық сипаттамаға және заманауи жабдықтармен жабдықталған.
● Ішкі су көлігін дамыту күшейтілді. Атап айтқанда, трансшекаралық Ертіс өзенінің транзиттік әлеуетін арттырып, Ресей – Қазақстан – Қытай жаңа дәлізін құру жоспарлануда. Әңгіме Семей қаласында жаңа жүк тасымалы шлюзі, Тұғыл ауылындағы өзен порты және Қытай шекарасына дейін теміржол салу туралы болып отыр. Трансшекаралық Ертіс өзенінің транзиттік мүмкіндіктерін дамыту жүк тасымалдау көлемін қазіргі 1,5 млн тоннадан 3,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
● 2023 жылы отандық авиакомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны шамамен 13 млн адам, болжамды өсім – 23%. Ел әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 25 млн-нан астам адамға жетеді деп күтілуде, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық.
● Қазақстандық авиакомпаниялардың әуе кемелері паркі 89-дан 98 бірлікке, ал орын саны 12 мыңнан 15 мыңға дейін (+26%) өсті. Мұның барлығы рейстердің тұрақтылығын және жалпы әуе қатынасының қолжетімділігін арттырады.
● Жеке инвестиция есебінен Шымкент, Қызылорда және Алматы қалаларында 3 жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр. Жұмыстар келер жылы аяқталады деп күтілуде.
● Бүгінде Қазақстан 28 елмен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Аптасына 110 бағыт бойынша 4 қазақстандық және 30 шетелдік әуе тасымалдаушылары арқылы 567 рейс орындалады.
● Биыл 23 бағыт бойынша 13 елге рейстер ашылып, жаңғыртылды, олардың ішінде Лахор, Маскат, Манама, Дели, Шарм-аль-Шейх, Бейжің, Сиань, Үрімші, Самарқанд, Баку, Тбилиси, Кутаиси, Бішкек, Анкара, Ханчжоу және Джидда бағыттары бар.
● Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі лоукостер AirAsia компаниясымен жұмыс жасалып, нәтижесінде әуе компаниясы 2024 жылдың наурыз айынан бастап Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей әуе рейсі ашылатынын хабарлады.
● Қоғамдық көлік мәселелері ерекше назарды қажет етеді. Биыл Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы өңірлерде қалалық автобустарды жаңарту үшін жеңілдікпен лизингтік механизм іске қосылды. Нәтижесінде өңірлерге 2,5 мың жаңа автобус жеткізілді, оның 774-і – экологиялық таза көліктер. Осылайша, қолданыстағы парктің тозуы 13%-ға төмендеп, 33%-ға жеткізілді.
● Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының өз бөлігін дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. 11 айда ТХКБ бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 2,5 млн тонна жүк өткізілді – былтырғы жылмен салыстырғанда 107%-ға өсті. ТХКБ дәлізі бойынша биыл алғаш рет қазақстандық мұнай тасымалданды.
Бағытты дамыту мақсатында 2023 жылдың қазан айында Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның теміржол әкімшіліктері логистикалық қызметтердің бірыңғай операторын құру туралы құрылтай құжаттарына қол қойды. Бұдан бөлек, елдер Түркиямен бір уақытта бағыттағы «талапқа сай келмейтін» жерлерді жоюға күш салуда.
Логистикалық қызметті жақсарту мақсатында ТХКБ арқылы өтетін тасымалдар үшін «бір терезе» құру мәселесі пысықталуда. Цифрлық көлік дәлізін толық іске қосу 2024 жылға жоспарланған.
Биыл қазанда Қытаймен ТХКБ дамыту туралы келісімдерге қол қойылды, олар экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдарды ұлғайтуды, ҚХР-ға порттық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға көмек көрсетуді, ТХКБ бойындағы мультимодальды тасымалды дамытуды және т. б. көздейді.
Ақтау және Құрық порттарына жүктерді автомобильмен жеткізу уақытын қысқарту үшін ұзындығы 515 шақырым болатын республикалық маңызы бар «Шалқар – Бейнеу» автожолын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.
Бағытты дамыту бойынша шараларды жүзеге асыру оның өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
● ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында 2023 жылдан бастап «Қапланбек», «Қазығұрт», «Атамекен» және «Тәжен» (Өзбекстан), «Алакөл», «Қалжат», «Майқапшағай» және «Бақты» (Қытай), «Темір баба» (Түркіменстан) өткізу бекеттерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Реконструкциялау нәтижесінде өткізу пункттерінің аумақтарын кеңейтуді, қолданыстағы ғимараттар мен құрылымдарды жаңғыртуды, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, оның ішінде стационарлық инспекциялық тексеру кешендерін (Rapiscan Eagle және т.б.), сондай-ақ паспорттық бақылау кабиналары мен бөлінген қозғалыс жолақтарының санын көбейту қарастырылған.
Өткізу пункттерінде автоматтандыру мен озық технологияларды енгізу үшін 2024-2026 жылдары 83 бірлік «Е Gate» паспорттық бақылаудың автоматтандырылған жүйесін сатып алу жоспарланған.