Елордада Мәңгілік ел даңғылында жылдамдықты шамадан тыс асырып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген, Lexus көлігін басқарған қала тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында ағымдағы жылдың басынан бері жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 27 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған 19 жастағы жас жігіт анықталды. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылдың 12 тамызында жол қозғалысының қарсы жолағына шыққаны үшін алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған болатын.
Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімі бойынша ол 10 тәулікке қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды, - делінген баспасөз хабарламасында.
Астана қаласының полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады.