Жыл басынан бері Қызылордада 181 мас жүргізуші анықталды

29 Сәуір 2022, 09:45
1696
Бөлісу:
Жыл басынан бері Қызылордада 181 мас жүргізуші анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордада жыл басынан бері көлікті мас күйде басқарған 181 жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі – көлікті мас күйінде жүргізу. Осы ретте Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді.

Осындай рейдтерге күн-түн демей шыққан патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 181 жүргізушіні ұстады. Заң бұзушы 173 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) хаттама толтырылды. Бұл бапта мас халде автокөлік басқарғаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке қамауға алу шарасы көзделген. 

Көлік басқару құқығы жоқ көлік жүргізушісі, автокөлікке қайтадан масаң күйде отырып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сегіз азамат Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалып, автокөліктері айып тұрағына қойылды.

Өзгелердің жаңалығы