ІІМ. «Абайлаңыз - балалар» іс-шарасының екінші кезеңі қалай жүргізілуде

31 Тамыз 2021, 11:47
4124
Бөлісу:
ІІМ. «Абайлаңыз - балалар» іс-шарасының екінші кезеңі қалай жүргізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев «Абайлаңыз - балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының 2-кезеңі бойынша атқарылған жұмыстар туралы өткен брифингте айтты.

Оның мәлімдеуінше, іс-шараның 2-кезеңі өткізілуде. Дайындық кезеңі 23-31 тамыз аралығында жүрсе, негізгі кезең 1-10 қыркүйек аралығын қамтитын болады.

Қазіргі таңда дайындық кезеңі қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл кезеңде білім беру мекемелерінің аумағындағы көше-жол тораптарының жұмыс күйін және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдары зерттелуде. Іс-шара барысында жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге жолға жақын орналасқан білім беру мекемелерінің аумағына 4 мыңнан астам тексеру жұмысы жүргізілді, -деді ол.

Сонымен қатар тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқама берілген.

Білім беру мекемелерінің жанында 2 мыңға жуық жол белгісі ауыстырылып, қайта орнатылды. Мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталды. 20 мың метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. 26 мың метр жол жасанды жарықтандырумен жабдықталды,- деді ол.

Сөз соңында іс-шара шеңберінде 18 мыңнан астам жол жүрісі қағидасын бұзушылық анықталғанын мәлім етті.

Қиылыстардан өту ережесін бұзудың 12 267 дерегі, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесін бұзудың 1955-сі анықталды. Балаларды тасымалдау ережесінің бұзылуы 3402, оның ішінде 329 балаға арналған креслоларды пайдаланбау фактісі. 1441-і маршруттық көліктің тоқтау ережесін бұзуы тіркелген, - деді Жандос Мұратәлиев.

Өзгелердің жаңалығы