Жыл басынан бері елордада 3 бүлдіршін терезеден құлап, опат болған

12 Шілде 2024, 18:33
669
Бөлісу:
Жыл басынан бері елордада 3 бүлдіршін терезеден құлап, опат болған
Фото: zik.ua

Ал жалпы биыл Астанада балалардың қатысуымен мұндай 19 оқиға тіркеліпті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астананың аумағында бас-аяғы 1000-нан астам көп қабатты ғимарат бар. Олардың дені тұрғын үйлер. Төтенше жағдай қызметінің мамандары бүгін Алматы ауданындағы үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ондағы басты мақсаттардың бірі – балалардың қатысуымен болғатын қайғылы жағдайларды болдырмау.

Сақтансаң – сақтайды дейді. Сол сияқты сақтық шаралары бойынша біз барынша түсіндіру жұмыстарын көбейтудеміз. Ол өз жемісін береді деп ойлаймыз, - дейді Алматы ауданы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Алмаз Ережепов. 

Қасым Аманжолов көшесіндегі үйлердегі тұрғындардың дені - көп балалы отбасылар. Төтеншеліктер мұндағы бірнеше пәтердің терезесіне арнайы құлыптар орнатып берді. Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде қарапайым құрылғының маңызы зор.

Тұрғындар төтенше жағдай қызметі мамандарының мұндай тартуы өте уақытылы деп отыр. Шіліңгір шілдеде көп үйлердің терезелері таңертеңнен кешке дейін ашық тұрады. Сол себепті үлкендер балалардан көз алмай отыруға мәжбүр болып келген.

Терезені ашпа деп айтып отырамыз. Кейде арасында қарап тұрмасаң, қорқасың, байқамай қаласың. Қазір енді мынау оңды нәрсе. Жауып қоямыз кілттеп, балалар келіп қалса да, түспейді арғы жағына, құламайды, - дейді қала тұрғыны Оралбек Қайыржанов.  

Төтенше жағдай қызметіндегілер қайғылы жағдайларды болдырмау үшін ең бірінші кезекте балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес береді. 

Сондай-ақ мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырып отыр. Себебі, жыл басынан бері елорда аумағында 377 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 60-ы көпқабатты үйлерде болыпты. Салдарынан 10 адам түрлі дәрежедегі ауыр жарақаттар алған. 

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,7%-ға өсіп отыр. Департамент қызметкерлері маусым айынан бастап 6000-ға жуық елордалық тұрғынмен кездесіп, өрт қауіпсіздігі қағидаларын түсіндірген. 

Өзгелердің жаңалығы