Осы жылдың сегіз айында Бурабай курортына 187 мыңнан астам жолаушы жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында "Жолаушылар тасымалы" АҚ электропойыздарымен Бурабай курортына 187 мыңнан астам жолаушы жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға артық.
Жазғы маусымда Бурабай курортына жеткізілген жолаушылар саны 150 мыңнан асты. Одан бөлек балаларға арналған лагерлеріне 1 900 бала жеткізілді. Биыл Ұлттық тасымалдаушы Астана-Бурабай курорты бағыты бойынша жүретін жоғары жылдамдықты электропойыздың жол жүру уақытын 2,5 сағатқа дейін қысқартты. Электропойыздың қозғалыс кестесіндегі уақыттың қысқаруы жолаушылар тарапынан оң пікірге ие болды, - делінген хабарламада.
Жазғы кезеңде №7509/7510 "Павлодар-Астана" жылдамдықты электропойызының бағыты Көкшетауға дейін ұзартылып, Бурабай курорты станциясында аялдауы жолаушылар ағынын арттырды.
Күн сайын Бурабай бағыты бойынша №6829/6830 "Астана-Көкшетау" электропойызы қатынайды. Сонымен қатар Нұрлы Жол вокзалынан №7507/7508 "Астана-Көкшетау" электропойызы жөнелтіледі.