Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Салық төлеушілердің БАҚ-тағы әкімшілік ықпал ету шараларын заңсыз қолдануға қатысты теріс пікірлеріне байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді.
Салық төлеуші жіберген қателер мен бұзушылықтарға қарамастан, мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілердің барлық құқығын ескеруге және олардың толық іске асырылуын қамтамасыз етуге міндетті.
Жеке тұлға жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелгеннен кейін, ЖК-де кірістерді декларациялау және белгіленген мерзімде декларацияларды ұсыну бойынша міндеттемелер туындайды. Егер ЖК қызметін жүзеге асырмаса, онда оның дербес шешімі бойынша салық есептілігін ұсынуды 3 жылға дейінгі мерзімде тоқтата тұруға не тарату рәсімін өтуге болады. Екі жағдайда да кәсіпкер өз еркімен орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына өтініш білдіруі қажет, - делінген таратылған түсініктемеде.
Сонымен қатар, комитет заңнамалық және техникалық бастамалар арқылы ЖК тарату бойынша бірқатар жеңілдетуді іске асырды. Мәселен, ЖК-нің жекелеген санаттары салықтық берешегі болмаған және патентті ұзартпаған жағдайда салықтық өтінішсіз таратылады. Бұл патент негізінде жұмыс істейтін ЖК-ге байланысты болады.
Сондай-ақ ЖК 3 жыл бойы ҚҚС бойынша есепте тұрмаса, салықтық берешегі және тәуекелдің жоғары дәрежесі болмаса, тексеру кестесінде болмаған, ойын бизнесімен, айырбастау операцияларымен, ЖЖМ, алкоголь өнімін және т. б. өткізу және өндірумен айналыспаған жағдайда оны тарату (3 жұмыс күні ішінде) жүргізіледі. Ірі айналымы бар ЖК және ҚҚС төлеушілер салықтық тексеру және камералдық бақылау арқылы таратылады. Жыл басынан бері 79 мыңға жуық жеке кәсіпкер таратылды. Өткен жылы әрекетсіз 16 мың жеке кәсіпкерді тарату үшін комитет сотқа талап арыз берген, - делінген ақпаратта.
Тарату рәсімін бастау үшін негіздер тізбесінің ашық болуына қарамастан кәсіпкерлер тарапынан бұзушылықтар болуда.
Осылайша, мемлекеттік кірістер органдары шоттарға тыйым салғанға дейін бұзушылықтарды, оның ішінде тапсырылмаған декларациялар бойынша жою үшін алдын ала (30 жұмыс күн бұрын) хабарлама жібереді. Әкімшілік жауапкершілікті қарау кезінде алғаш рет анықталған бұзушылық бойынша "ескерту" шығарылатынын атап өткен жөн. Бұзушылықтың жыл ішінде қайталануына байланысты әкімшілік жауапкершілік ҚР ӘҚБтК-нің 272-бабының 2-бөлігі бойынша қаралып, айыппұл салынады. ҚР ӘҚБтК-нің 897-бабына сәйкес, 10 тәулік ішінде төленген жағдайда айыппұлды 50%-ға қысқарту көзделген. Яғни, бұл нормалар шағымданған жеке кәсіпкерлерге қатысты қолданылды, - деп хабарлады ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар комитет ЖК таратумен байланысты әкімшілік жүктемені азайту, қателерді барынша азайту үшін жағдай жасауда. Салық төлеушінің кабинеті арқылы ЖК қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш беруді автоматтандыру жүзеге асырылуда. Бұл бизнесті қағаз құжаттармен жұмыс істеу және салық органдарына бару қажеттілігінен құтқарады. Бұл қызмет түрін алдағы жылдың басынан бастап пайдалануға болады.