Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 152,3 мың отбасындағы 749,8 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 122,8 млрд теңге бөлінді.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.
Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
2021 жылғы 1 мамырда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 181,8 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, 112,4 мың отбасындағы 570,5 мың қазақстандыққа 2021 жылғы 1 мамырға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мемлекеттік инстанцияға жүгінбей-ақ автоматты түрде ұзартылды.
АӘК алушыларға бұдан бұрын, 2020 жылғы II,III және IV тоқсанда ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты көмек тағайындауға өтініш ұзартылды.