Жыл басынан бері 696 алматылық көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болды

10 Наурыз 2022, 02:29
2418
Бөлісу:
Жыл басынан бері  696 алматылық көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болды

Алматы, BAQ.KZ. Оның 318-і көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта алды. 

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет»  мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылдың мамыр айынан бастап әйелдерге төртінші немесе одан да кейінгі баланы туған кезде тағайындалатын көп балалы отбасылар жәрдемақысын алу үшін ХҚО-ға жүгіну міндетті емес, мемлекеттің өзі барлығын қашықтан SMS хабарлама арқылы ресімдеуді ұсынады.

Бұдан бұрын аталған жәрдемақыны ресімдеу үшін ХҚО-ға барып, өтініш жазып, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері мен неке қию куәлігі сияқты құжаттарды ұсыну қажет еді, ал жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалатын.
  
Отбасында төртінші немесе одан кейін тағы бала туылған жағдайда, проактивті түрде баланың туу туралы куәлігін, бала туу мен оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыларды ғана емес, көп балалы отбасылар үшін жәрдемақыны ресімдеуді ұсынатын SMS-хабарлама да жіберіледі. 

Мұнда клиенттің SMS-ке келісімі ғана керек.Қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. Телефлн нөмірі азаматтардың мобилдік базасында тікелген болса жеткілікті.Осы жылдың 2 айында мұндай жәрдемақыны 696 алматылық отбасы алып отыр.Оның 318-і проактивті түрде рәсімдеген. Алтын және Күміс алқамен марапатталған 100 алматылық ананың 80-і құжаттарын проактивті түрде рәсімдеген, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы  директорының орынбасары Фарида Бокижанова.

Көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы 2020 жылдың басынан бастап төленеді. Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа толғанға дейін күндізгі бөлімде оқитын бірге тұратын балалары барлар көп балалы отбасы болып саналады.
    
6 бала туған және тәрбиелеген көп балалы аналарға «Күміс алқа», ал 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелегендерге «Алтын алқа» беріледі. Оған төленетін жәрдемақы мөлшері 19604 теңге.

 «Күміс алқа» белгісі үшін жәрдемақыны рәсімдеуге ХҚО-ға барудың қажеті болмады. Жәрдемақыны ресімдеуді ұсынған SMS-хабарлама келді, соған келісімім жеткілікті болды. Уақыт кетіріп, құжат жинап жүгірмедім. Қазіргі уақытта ең бастысы телефон нөміріңіз мобильді азаматтар базасында тіркелген болса жеткілікті екен. Өте ыңғайлы, -  дейді  көп балалы ана Әсел Сәбитова.

Қазіргі уақытта бұл жәрдемақыны 487 мыңнан астам қазақстандық отбасы алады. Оның ішінде 63 437 әйел «Алтын алқа», 138 571 әйел «Күміс алқа» иегерлері.

2022 жылы көпбалалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері:
4 балаға 49 100 теңге;
5 балаға 61 383 теңге;
6 балаға 73 666 теңге;
7 балаға 85 948 теңге;
8 балаға 98230 теңге;
Келесі әр балаға +4 АЕК.

Төлемді төрт және одан да көп бала туған әйелдер ала алады.

1414 нөмірінен қызметтерді проактивті түрде рәсімдеуді ұсынатын sms-хабарламаларды алу үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Толық ақпаратты 1414 нөмірі бойынша білуге болады. 
 

Өзгелердің жаңалығы