Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың басынан бастап Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін алу мүмкіндігін 56 мыңнан астам адам пайдаланды.
50 мың азамат жұмыссыз ретінде тіркелді, осы қызметті жақында пайдаланған 6 мың адам қазір жұмыс іздеп жүрген адамдар мәртебесіне ие.
Жұмыссыз мәртебесін алған 50 мың адамның 7 мыңына жұмысынан айырылу жағдайына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалды және 20 мыңнан астам адам тұрақты, сондай-ақ мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына (жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары) жұмысқа орналастырылды.
2020 жылғы 17 қарашада жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуды жеңілдету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындарына Электрондық еңбек биржасы арқылы ХЖҚО қызметтерін қашықтықтан көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Осы жылдың 5 қаңтарынан бастап бұл мүмкіндіктер республиканың 40 қаласының тұрғындарына, ал мамырдан бастап барлық қазақстандықтарға берілгенін естеріңізге сала кетейік.
ЭЕБ-тегі «Жеке кабинетте» қазақстандықтар жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұра алады және тіркеудің барлық кезеңдерін қадағалай алады. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге онлайн режимде өтінім жібере алады, барлық азаматтар мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына – жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді онлайн режимде алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, ЭЕБ-да тіркеуден өту қажет.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, барлық жұмыспен қамту орталықтарында құрылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында ЭЕБ арқылы қызметтерді алуға болады. ХЖҚО қызметкерлері онлайн ұсынылатын қызметтер бойынша қажетті консультациялар береді. Бұл азаматтарға Жұмыспен қамту орталығының маманына қабылдауға кезек күтпеуге және COVID-19 пандемиясы жағдайында физикалық байланыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
Онлайн қызмет көрсету туралы толық ақпаратты www.enbek.kz сайтынан және халықты жұмыспен қамту орталығында алуға болады.
Азаматтар Электрондық еңбек биржасында мына сілтеме бойынша жұмыс іздеп жүрген адам ретінде онлайн тіркеле алады.