Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері 34 мың мәдениет қызметкерінің жалақысы артты. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында берген есебінде айтты.
Мәдениет және спорт қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру - біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, яғни орта есеппен алғанда 96 мыңнан 139 мың теңгеге дейін, өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мыңнан 126 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ министр 2020 жылдың басынан бастап еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақының 60%-ға дейінгі төлемі берілетінін айтты.
Сонымен бірге әдебиет және өнер қайраткерлеріне, талантты жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында берілетін ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды, - деді министр.