Жыл басынан бері 129 адам өндірісте қайтыс болды

26 Қараша 2019, 11:12
1993
Бөлісу:
Жыл басынан бері 129 адам өндірісте қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың 10 айында өндірісте 1669 адам зардап шегіп, оның ішінде 129 адам қайтыс болды. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында мәлімдеді.  

Өндірістік жарақаттың жоғары деңгейі тау-кен металлургия кәсіпорындарында және құрылыс саласында сақталып отыр. Өндірістік жарақаттану Ақмола, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында өскен. 
Белгіленген проблемалық мәселелерді шешу үшін келесідей шаралар қолданылады. Еңбек инспекторларының талабы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін 47 лауазымды адам атқарып отырған қызметінен босатылды. 11 құрал-жабдық, 2 өндірістік нысан және 7 ұйымның жұмысы тоқтатылды. 820 іс құқық қорғау органдарына беріліп, олар бойынша 116 қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде 2300 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізген. 15 мыңнан астам кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істейді, - деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкімет отырысында.
Осыған дейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ұжымдық еңбек дауларының алдын алу мен шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардың жағдайы туралы баяндады. Сондай-ақ ол Үкімет отырысында Қазақстандағы еңбек қатынастарын реттеу шаралары туралы да айтты. 









Өзгелердің жаңалығы