Жыл соңына дейін 650 шақырымға жуық жол пайдалануға беріледі

18 Қыркүйек 2019, 22:32
1978
Бөлісу:
Жыл соңына дейін 650 шақырымға жуық жол пайдалануға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жыл соңына дейін автомобиль жолдарының 648 шақырымында қозғалыс ашылады.

«Жол желісі сапасы» мен «Жол инфрақұрылымының сапасы» көрсеткішін жақсарту мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті республикалық маңызы бар жолдардың 6 мың шақырымын, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 4,6 мың шақырымын құрылыс, қайта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарымен қамтыды.

Биыл жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеуіне қатысты 24 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғастырылуда. Бұл мақсатқа 213 млрд теңге жұмсалған.

2019 жылдың қорытындыларына сәйкес Қазақстандағы жолдың 641 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Жұмыстар «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Щучье – Зеренді», «Бейнеу – Ақжігіт», «Жетібай – Жаңаөзен», «Таскескен – Бақты», «Теміртау – Қарағанды» учаскелерінде толықтай аяқталмақ.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасын жалғастыру аясында 2020 және 2026 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын жолдардың құрылысы мен жөндеуіне қатысты 13 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Аталған шаралар жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 100%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса, жергілікті жол желілерін салу, қайта қалпына келтіру және жөндеуді қаржыландырудың 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғандығын атап өту керек. Осылайша 2025 жылдың соңына дейін жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 2025 жылға қарай 95% құрайтын болады.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 24,4 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жол, 70,6 мың шақырымы – жергілікті жол.
Өзгелердің жаңалығы