Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының Маңғыстау облысы бойынша жетекшісі Ақмарал Қазиеваның ұйымдастыруымен былтыр «Жусан» операциясымен шиеленіс аймағынан елге аман-есен оралған бір топ қандасымызбен кездесу өтті.
Өңірдің орталық «Бекет ата» мешітінде өткен кездесуге ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы арнайы қатысты. Отандастарымызбен сұхбаттасып, оларға рухани қолдау білдіре отырып:
Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Сіздердің қазіргі міндеттеріңіз – еліміздің дамуы мен дініміздің өркендеуі үшін аянбай еңбек ету. Біз, өз кезегімізде, сіздерге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп айтып өтті.
Ақмарал Қазиева қаракөз қазақ қыздарын мешіт жанынан ашылған «Қырмызы» тігін шеберханасының жұмысымен таныстыра отырып:
Болашақта осы жерге келіп, тігін ісі бойынша сабақ алсаңыздар болады. Сіздер үшін есігіміз әрқашан ашық, – деді.
Кездесу соңында облыстық орталық «Бекет ата» мешіті тарапынан қонақтарға тігін шеберханасынан шыққан, тұрмысқа қажетті заттар сыйға беріліп, азық-түлік себеттері мен материалды көмек көрсетілді.